Жаңа жыл мерекесі қарасаңында Ақмола облысында 90 полиция қызметкері баспаналы болды, деп хабарлайды «Aqmola News».
Жаңа пәтердің кілтін тапсыру шарасына аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қатысып, жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен және алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Аймақ басшысы өз сөзінде полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі және аймақтағы короновирус пандемиясының таралмауына қарсы күреске қосқан елеулі үлесіне тоқталды.
Сонымен бірге, ол бүгінгі таңда тұрғын үйдің қолжетімділігі және азаматтар үшін әлеуметтік жағдай жасау басты мәселе екенін атап өтті.
«Соңғы үш жылда өңірде 139 жайлы көп пәтерлі үй салынды, оның ішінде Көкшетау қаласында 70-тен астам үй пайдалануға берілді», – деді облыс әкімі.
Ал, Ақмола облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин облыс әкімінің қолдауының арқасында ағымдағы жылы полиция департаменті қызметінің тиімділігін арттыруға, ведомствоның материалдық-техникалық жарақтандырылуын, сондай-ақ жеке құрамның тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған шаралар кешені іске асырылғанын атап өтті.
Сонымен бірге, шарада тұрғын үйді мерзіміне сәйкес салып берген «СК Регион Строй» ЖШС басшысы Александр Дворцевойға және өзге азаматтарға алғыс айтылды. Жаңа тұрғын үйден баспаналы болғандардың арасында Ішкі істер органдарында 11 жыл қызмет істеп жүрген тәжірибесі бар учаскелік полиция инспекторы, төрт баланың әкесі Нариман Нұржақсын өзінің қуанышымен бөлісті.
«Жаңа пәтер отбасымыз үшін Жаңа жылдық үлкен сый болды. Біз үшін бұл көптен күткен қуаныш», – деді ол.