Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақмола облысы департаменті тексеріс жүргізу барысында облыстағы газ таратушылардың бағаны заңсыз көтеру фактілерін анықтаған. Осыған сәйкес газ баллондарының бағасы едәуір төмендетілді, деп хабарлайды «Aqmola News».
Ведомствоның мәліметінше Атбасар қаласында және облыс орталығы Көкшетау қаласындағы газ тарататын субъектілердің бағаны шекті межеден көтеріп, заңбұзушылық жасағаны белгілі болған. Аталған субъектілер газ сату кезінде баллондағы газдың бағасын шілде және қыркүйек айларында төмендетпеген. Ал бұл уақытта ҚР энергетика министрінің 2020 жылдың 12 маусымындағы №227 бұйрығына сәйкес 1 шілдеден 31 қыркүйекке дейін ҚҚС-сыз 28 мың теңгеге дейін төмендетілуі тиіс болған, – делінген облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің хабарламасында.
Осыған сәйкес департамент кәсіпкерлік кодексінің 170 бабының 1 тармағы бойынша «Облгаз» және «Атбасар Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне заң талаптарының бұзу фактілері бойынша хабарлама шығарды. Нәтижесінде «Облгаз» баллондары 1 кг үшін 155 теңгеден 146 теңгеге дейін, ал «Атбасар Газ» баллондары 160 теңгеден 150 теңгеге дейін төмендетілген.
Облыстық бәсекелестікті қорғау департаменті монполияға қарсы заңнамалардың бұзылу фактілерін анықтау және монополияларға қарсы әрекет жасау үшін департамент апта сайын мониторинг жүргізетінін хабарлады.