Nur Otan партиясының Ақмола облыстық филиалы пандемия кезінде халықпен жүздесудің жаңа тәсіліне көшті. Аудандардағы филиал жетекшілері фейсбук және инстаграмдағы ресми парақшасында тікелей эфирге шығып, жергілікті билік өкілдері түрлі тақырыптар бойынша сұқбат беруде,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Мәселен, Шортанды аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахмедия Қожамсеитов «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ауданда атқарылып жатқан игілікті істердің мән жайын түсіндіру үшін тікелей эфирдегі сұқбатқа аудан әкімінің орынбасары Қабдолла Орынбасаровты шақырса, Сандықтау ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» тармағы бойынша атқарылған істер жайын тікелей эфирде Сандықтау ауданының әкімі Гүлмар Қадырова баяндады.
Целиноград ауданының халқы үшін жер телемін алу, таза ауыз сумен жабдықтау, электр жарығымен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұрған негізгі сұрақтар бойынша эфир ұйымдастырылса, Қорғалжын ауданының тұрғындары мәдени, әдеби шаралар жайында тікелей эфирде халықпен жүздесті.
Әр эфирге 100-ден астам көрермен қосылып, өз сауалдарын қойып, оған тікелей жауап алуға мүмкіндік алды.
«Тікелей эфир – жергілікті атқарушы биліктің халық алдындағы есебі тәрізді. Әр эфир алдында жауапты тұлғалар халықты толғандырған мәселелер бойынша нақты жауап қайтарып, кейбір мәселелерді қойын дәптеріне түртіп алды деуге болады. Аудандық басшылар, кез келген сұраққа жауап бере отырып, өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқаруға жауаптанды»,- дейді Шортанды аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахмедия Қожамсеитов.
Бүгінде Ақмола облысы короновирус бойынша қызыл аймаққа еніп отыр. Алдағы уақытта халықпен әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде жүздесу одан әрі жалғаса бермек.