Ақкөл ауданында ауыл шаруашылығынан алынатын ішкі жалпы өнім көлемі 23 миллиард теңгеге жетті. Әсіресе, ірі қара мал, жылқы және қой-ешкі малының саны өскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақкөл ауданының әкімі Алпысбай Қайыржанов мәлім етті, деп хабарлайды «Aqmola Nеws».
Аудан әкімінің айтуынша биылғы жылы биыл егістік алқабының жалпы көлемі 147,6 мың гектарға жеткен. Өңір астық және бұршақ тұқымдас өнімдерді өсірумен қатар майлы дақылдар мен көкөністер және жем-шөп өсіруді қолға алған. Сондай-ақ мал басы да арта түскен. Аудан бойынша ірі қара мал басы 22,5 мың басқа жетсе, қой-ешкі 22 мың басқа жылқы 8 мың бас ал үй құстары 319 мыңға жетіп жығылған.
Осылайша аудан 2,8 мың тонна ет, 14 мың тонна сүт және 54 миллион дана тауық жұмыртқасын шығарған.
«Ет фермаларын құру бойынша индикативті жоспарларды жүзеге асыру шеңберінде ауданда 7 жоба орындалып, 307 миллион теңге сомасына 674 бас ірі қара сатып алынды. «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8,5 миллиард теңгеге 1200 бас голштин-фриз тұқымды сиырдан сүт тауарлары фермасын іске асырыла бастады, – дейді Алпысбай Қайыржанов.