Ақмола облысының көпбейінді облыстық ауруханасына температураны мобильді өлшеу және пациенттерді дезинфекциялау аппараты орнатылды. Оны емдеу мекемесе сыйға тартқан – Красный яр ауылының тұрғыны, ҚР Мәдениет қайраткері Төкен Ілияс. Құны 2 млн тұратын құрылғыны ол Қытайдан өз қаражатына алдырған,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Ауруханаға кіреберісте орналастырылған құрылғы температураны адамдардың байланысынсыз экран арқылы өлшейді. Қолды тосса, автоматты түрде антисептикпен өңдейді. Ішкі бөлмесіне кірген бетте сырт киімді толық дезинфекциялайды. Бұның бәрі санаулы секундта жүзеге асады. Егер келушілердің бірінде жоғары температура болса, аппарат бірден дабыл қағады.
Дәрігерлер мен аурухана әкімшілігі өнер иесіне белсенді азаматтық ұстанымы және COVID-19-мен күресте көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.
Айта кету керек, демеушілік көмек аясында облыстың медициналық мекемелеріне 160 оттегі концентраторы, 50 пульсоксиметр, 5 бірлік санитарлық автокөлік, 5 оттегі концентраторы және 3 ӨЖЖ аппараты сыйға тартылды.