Көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша «Алтын қазына» республикалық балалар шығармашылығының көрме-байқауында ақмолалық оқушы үздіктердің қатарынан табылды, – деп хабарлайды «Aqmola News» Ақмола облысының білім басқармасына сілтеме жасап.
Байқауға облыстардан және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының облыстық байқау кезеңдерін жеңген 136 оқушы қатысқан.
Ақмола облысының намысын 7 оқушы қорғады. Зеренді ауданы, Мәлік Ғабдуллин атындағы Зеренді орта мектебінің оқушысы Жулдызай Ергалиева «Қағаздан бұйымдар жасау: оригами, аппликация, квиллинг, папье-маше» аталымында жүлделі екінші орынға ие болды, – деді облыстық білім басқармасынан.
Жұлдызай бала кезінен зеректігімен көзге түскен. Биге, сурет салуға және ән айтуға бейім болған Жұлдызай балабақша есігінен бастап әр түрлі сайыстарға қатысқан. Ең алғашқы жүлделі орынды 2- сыныпта аудандық «Шеберлер қаласы» атты сайысына қатысып жүлделі І орынды иеленіп, облыстыққа жолдама алып ІІ орын иеленген. Содан бері Жұлдызай біраз сайыстарға қатысып жүлделі орындарды иеленіп келеді.
«Мен «Алтын қазына» байқауына қатысып, екінші орынға ие болғаныма өте қуаныштымын. Бірақ мұнымен тоқтап қалмаймын, байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие боламын», – деп уәде берді Жұлдызай.