spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-3.8 C
Kokshetau

Көкшенің Төлегені артына айшықты із қалдырып кетті

Сондай-ақ...оқыңыз
Бүгін Көкшенің белгілі қаламгері, абыз ақсақал, жазушы ағамыз Төлеген Қажыбай жалған дүниеден, фәниге аттанды. Өмірінің соңына дейін қаламын серік етіп, тұтас қазақ үшін орны бөлек шығармалары мен кітаптары газет беттерінде өрнекті ізі қалған ардақты азаматтың орны ойсырап қалды. Артына өшпес мұра мен айшықты ізін қалдырған Төлеген ағаның есімі ұрпақ жадында сақталары сөзсіз.
Төлеген ҚАЖЫБАЙ – 1942 жылы 12 желтоқсанда қазіргі Ақмола облысы, Чкалов ауданына қарасты Ортақ ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тамамдаған. Еңбек жолын Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде бастаған. Көкшетау облысы тарағанға дейін облыстық газет редакторының бірінші орынбасары, облыс тарағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан», Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеттерінің Көкшетау қаласындағы тілшілер қосының жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалының директоры қызметтерін атқарған. Өмірінің соңғы жылдары тәуелсіз «Бұқпа» газеті бас редакторы болды.
«Жолбасы», «Жанымның жапырақтары», «Жырлайды жүрек», «Қарасай дастан», «Сексен көл сылдыры», «Жыр-ғұмыр», «Айналайын атыңнан», «Құлан қырғыны», «Қан кешу», «Махаббат әні», «Жеті жыл», «Көкшетау қарлығаштары», «Ақиқат жолы – алыс жол», «Самурайдың серт семсері», «Сәуле — менің ауылым» кітаптарының авторы. «Ұмытпа мені, Гәккуім», «Жындар биі», «Зауал», «Хан Кененің қазасы» драмалары Ақмола облыстық драма театрында қойылған. «Сейіт-Бөкен», «Жәпек батыр» дастандары жарық көрген. 2006 жылы орыс тілінде «Путь к истине» деген атпен кітабы шықты.
Өлеңдері орыс, украин тілдеріне аударылған. Орыс, эстон ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударуға қатысты. 1980 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді. 1996 жылы Республикалық Журналистер одағының А. Байтұрсынов атындағы сыйлығының лауреаты атанды. «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» еді.
Артында қалған туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.
- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img