Ақмола облысының алты ауданында үй құстарының өлімі тіркелді. Қазіргі уақыта ветеринарлық қызмет өкілдері паталогиялық материалдарды құстардың диагнозын анықтау үшін зертханаға жіберген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім болды, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Облыстың бас ветеринарының мәлімдеуінше қазіргі күнге дейін Астрахан, Бұланды, Зеренді, Жарқайың , Атбасар және Егіндікөл аудандарында құстардың өлім-жітімдері байқалған.
Зерттеу нәтижелері бойынша осы жылдың 20 қыркүйегінде Жарқайың ауданындағы Шойындыкөл ауылынан түскен материалдардан құстардың құс тұмауы анықталған.
Қазіргі таңда аталған елдімекенде карантин енгізілді. Облыс әкімдігімен Ауыл шаруашылығы министрлігіне су қоймалары мен өзен-көлдердің маңында орналасқан елдімекендердің құстарына екпе салу үшін 510 300 доза бөлу туралы өтінім берілген. Қазір үй құстарына жұқтыруға жол бермеу мақсатында жабайы құстарға жолатпай, үйде қамап ұстау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өлген құстардың паталогиялық материалдары тексеру үшін зертханаға жолданды, – дейді Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы Базарбай Бұлашев.
Ветеринар қызметкерлерімен құс фабрикаларында құс ұстайтын үйлерді күнделікті клиникалық байқау қамтамасыз етілуде.
Сондай-ақ, су қоймаларында, құстар ұя салған өзен-көл маңдары мен құстар көп жиналатын жерлерде ұдайы мониторинг жүргізілуде, – деп толықтырды басқарма басшысы.