Ақкөл қаласындағы «Восточный» қазандығының аумағынан жаңа модульді қазандықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ол аудан орталығының бірқатар әлеуметтік нысандары мен тұрғын үйлерін орталық жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Жаңа қазандықтың құрылысы аяқталғаннан кейін, Ақкөл қаласының Нұрмағамбетов, Иманов, Булавский көшелерінде орналасқан бірқатар көп қабатты тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелердің ғимараттары орталықтан жылыту жүйесіне қосылатын болады.
Сонымен қатар бүгінде ескі қазандықтың ғимаратын көмір сақтауға арналған қойма және қосалқы үй-жайлар етіп қайта құру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда.
Аудан әкімі Алпысбай Қайыржанов жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес іске асырылып жатқанын айтады.
Бұл жылу қазандығы 24 мың шаршы метр аумақты қамтып келді. Жаңа жылу беру құрылғылары іске қосылған соң 40 мың шаршы метр ғимарат жылумен қамтылады. Осылайша бірқатар әлеуметтік нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер орталық жылу жүйесіне қосылады. Балабақша, аудандық мәдениет үйі тәрізді нысандарға ғимарат ішінде орналасқан жеке жылу қазандықтары қауіп төндіріп келді. Сағадат Нұрмағамбетов көшесіндегі 9-шы, 10-шы үйлердегі 100 пәтер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады,-деді аудан әкімі Алпысбай Қайыржанов журналистерге берген сұқбатында.