Қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті қадағалауға қызмет ететін учаскелік полиция болуға әркім бара бермейтіні рас. Өйткені бір күні тыныш өтсе, келесісі шытырман оқиғаларымен есте қалмақ. Отбасы күні қарсаңында ауыр болса да өз өмірін полиция қызметімен байланыстырған жанұя туралы баян еткенді жөн көрдік.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Көкшетау қаласының полиция басқармасында еңбек ететін Назымбек және Нұргүл Танабергеновтер осы жылдың қазанында отбасы құрғандарына 14 жыл толатын бақытты отбасылардың бірі. Отағасы Назымбек Жүнісбекұлы №120 әкімшілік учаскесінде учаскелік полиция инспекторы болса, Нұргүл Көкшетау қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығында қызмет атқаады. Көп балалы отбасында тағы бір нәресте дүниеге келмек. Отанасы декреттік демалысқа шыққан.
Танабергеновтер 17 жастарында танысып, Назымбек әскер қатарында борышын атқарып келгеннен кейін бірден отау көтерген.
2007 жылы Назымбек Танабергенов қарулы күштер қатарында әскери міндетін орындағаннан кейін, құқық қорғаушы қызметіне орналасқан. Түрлі бөлімдерде көп жыл қызметтен кейін 2013 жылы жоғары білім туралы диплом алған Назымбек Краснояр кентінде учаскелік полиция қызметіне кіріскен. Қазір ол жетекішілік ететін учаскеде 3140 адам тұрады. Полиция капитанының бұл қызметке баруына ішкі істер саласында қызмет еткен қазір отставкадағы полиция генералы Талап Қабденов тікелей мұрындық болғаны сөзсіз. Елге белгілі полиция әулетінде Назымбектің ағалары мен бауырлары да аталарының ізін жалғастырған.
Бүгінде бақытты полиция отбасы төрт бірдей бала тәрбиелеп отырған үлгілі жанұялардың бірі. Үлкен қызы Дана ата-аналарына қолқанат болып, бауырлары Данияр, Алдияр мен кенже ұлдары Диярға қамқорлықпен қарайды. Көп балалы Отбасының алдағы болашағы да жарқын болатыны анық.