Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күресті күшейту туралы жолдауындағы мәлімдемесіне пікір білдірді, – деп хабарлайды «Aqmola News» агенттік баспасөз қызметіне сілтеме жасап .
«Президент былтыр 20 мамырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың алғашқы пакетін жариялады. Онда қол астындағылардың сыбайлас жемқорлығы үшін басшыларды лауазымынан босату мен тәртіптік жауапкершілікке тарту институттарын енгізу, нормативтік-құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын қалпына келтіру, азаматтарды жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін ынталандырудың сараланған жүйесіне көшу тапсырылды. Жаңа бастамалардың барлығы нақты заңдарда көрініс тапты және өздерін тиімді алдын алу құралдары ретінде көрсетті», – деп жазды Алик Шпекбаев.
Антикордың тұжырымдамалық қолдауға ие болған басқа да бастамалары:
- квазимемлекеттік және жеке секторларда комплаенс-қызметтер құру;
- ұлттық компаниялардың сатып алу және жобалық қаржыландыруға жауапты қызметкерлері есебінен сыбайлас жемқорлық субъектілерін кеңейту;
- мемлекеттік қызметшілерге сыйлық беруге және сыйлықтар алуға толық тыйым салу; күштік құрылымдар қызметкерлерінің қылмыстық арандатушылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеу;
- квазимемлекеттік сектор басшыларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қолданбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту.
Агенттік басшысының пікірінше, бұл жаңашылдықтардың қазір Сенатта қаралуы – бастамалардың жақын арада іске асырылатынын көрсетеді.
«Қоғам мемлекеттік аппарат осымен ғана шектеледі деп ойлауы мүмкін. Алайда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дәйекті іске асыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жандандырды. Коронавирус пандемиясы іс жүзінде мемлекеттік басқарудың әртүрлі салаларындағы, атап айтқанда, денсаулық сақтау саласынан бастап, цифрландыруға дейін созылмалы сыбайлас жемқорлық «індетінің» бетін ашты. Сондықтан Мемлекет басшысы биыл 19 тамызда Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын одан ары жаңғырту жөнінде арнайы кеңес өткізді, оның негізгі тезистері кешегі жолдаудың жеке блогына кірді», – деп тоқталды.
Алик Шпекбаев Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларының үшінші пакетінің аса маңызды бастамаларына қысқаша тоқталып өтті.
БІРІНШІДЕН– сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту. Ең алдымен, бұл – құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға қатысты. Менің ойымша, олар заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтай отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс. Пара берушілер мен делдалдар үшін парақорлық жазасын қатаңдату мәселесі пысықталатын болады. Сотталған жемқорларға қатысты мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жою ең қуатты профилактикалық әсерге ие болады. Осы тәжірибенің жалғасы ретінде біз аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін бірнеше еселенген айыппұл қолдануды және жемқорларға колония-қоныстарда тағайындалған жазаны қайта қарауды жоюды жақтаймыз.
ЕКІНШІДЕН – 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар үшін шетелде банк шоттарын иеленуге тыйым салуды енгізу. Бұл бастама ел мүддесі үшін қызмет ету идеологиясы тұрғысынан ғана емес, жемқорлық капиталын шетелге шығару мүмкіндіктерін жою мақсатында да маңызды.
ҮШІНШІДЕН – менің ойымша, «Қоғамдық бақылау туралы» Заңның қабылдануы азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарды сыбайлас жемқорлық пен бюрократияға қарсы жүйелі түрде әрекет етуге барынша кең ауқымда тартуға нақты серпін береді. Онда сан қырлы мәселелер бойынша қоғам өкілдерінің мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесудің нақты тетіктері көрініс табатын болады. Антикор әзірлеген Ашық бюджеттердің интерактивті картасы мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етудің негізгі құралы болу арқылы алға қадам баспақ. Бұдан басқа, мемлекеттік органдардың жанында ғана емес, ұлттық компанияларда да жұмыс істейтін қоғамдық кеңестердің рөлі едәуір күшейетін болады. Үздік шетелдік тәжірибелер негізінде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ақпарат берушілерді қорғаудың кешенді жүйесін әзірлеу азаматтық қоғамды жандандырудың маңызды құралы болмақ.
Агенттік төрағасы Президенттің 2021 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын 25%-ға қысқартуды жеделдету шешіміне қатысты да айтты.
«Қазіргі таңда Үкіметпен бірлесіп, ЭЫДҰ, ГРЕКО, БҰҰ ұсынымдарынан туындайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар пысықталды. Олардың негізгісі – шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті енгізу. 2021 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңін іске қосуды ескере отырып, біз келесі тетікті ұсынамыз. Бастапқы кіріс декларациясында мемлекеттік қызметші өзінің барлық активтерін тіркейді. Егер кезекті декларацияны тапсыру кезінде оның негіздей алмайтын табысының едәуір өсуі анықталса, оған мемлекеттік қызметтен босату және негізсіз асып кеткен соманы тәркілеу шарасы қолданылады», – деп жазды агенттік басшысы.
Агенттік басшысы дамыған елдерде қолданылатын кәсіби сатылмаушылыққа тексеру институтын енгізу жемқорлық қылмысының алдын алуға әсерін тигізетінін айтты.
«Сондай-ақ, күн тәртібінде мемлекеттік қызметші емес, бірақ жариялық міндеттерді орындайтын тұлғаларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолдану мәселесі де бар. Яғни, біз пара алғаны үшін коммерциялық банктердің топ-менеджерлерін, табиғи монополиялар субъектілерінің басшыларын, жеке сот орындаушыларын және жария қызметшілердің басқа санаттарын мемлекеттік қызметшілер сынды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынамыз. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде кең таралған», – деп жазды.