Ақмолада жыл аяғына дейін бес бірдей білім беру нысаны пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта жаңа білім ордаларының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жөнінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәлімдеді,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Брифингте облыс әкімі екі мектептің құрылысы аяқталып,1 қыркүйектен бастап пайдалануға берілетінін жеткізді. Бұл мектептер халық көп шоғырланған Целиноград ауданында орналасқан. 1500 орынға лайықталып салынған білім ордасы үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге септігін тигізбек.
Жыл аяғына дейін аталған ауданда тағы 420 орындық екі мектеп қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар биыл Краснояр күре жолының бойындағы 392 орындық оқу-тәрбие кешенінің құрылысы аяқталады,-деді Ермек Маржықпаев брифингте.
Облыс әкімінің сөзінше, алдағы уақытта Көкшетау қаласында барлығы 1320 орын болатын қосымша оқу корпусын іске қосу жоспарда бар.
Естеріңізге салсақ, өңірде биылғы оқу жылында барлығы 132 мың бала білім алады,оның 15 мыңы бірінші сыныпқа бармақ.
.