Көкшетауда «Науан Хазірет» атындағы орталық мешіттің жанындағы «Зекет» қорының ұйымдастыруымен жиналған қаражатқа 40 дана оттегі концентраты сатып алынды, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Қайырымдылық акциясына жалпы жұртшылықпен бірге жергілікті кәсіпкерлер мен бірқатар кәсіпорындар да қолдау білдірген. Атап айтқанда «КазСтрой-Мастерская», «АСМ групп», «Ер Агро-2008», «Фундаменталь», «Кокшетауавтодор», «Импекс», «Жилстрой Гарант 2015», «Гормолзавод», «Адал V» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен ЖК Жакупов үлкен қаржылай көмегін көрсеткен. Сондай-ақ акцияның ұйымдастырылуына Көкшетау қаласының әкімдігі де ықпалын тигізіпті.
Осыдан екі апта бұрын біз «Өмірге үміт сыйла!» қайырымдылық бастаған едік. Біздің облысымызда және жалпы елімізде коронавирус инфекциясымен және пандемиямен ауырғандар саны күн санап өсіп келеді. Сәйкесінше, облыс ауруханаларында да оттегі концентраттары жетіспей жатты. Сол себепті біз Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен «Зекет» қоры бірлесіп қаражат жинай бастадық. Жиналған қаражатқа біз 160 оттегі концентратын сатып алуға өтінім бердік. Бүгінде аталған медициналық оттегі аппаратының алғашқы 40 данасы жеткізілді. Оттегі концентраттары Көкшетау қаласы және Сандықтау, Степногорск, Шортанды Атбасар және Қорғалжын аудандарындағы ауруханаларға беріледі, – дейді «Науан Хазірет» атындағы облыстық мешіттің бас имамы Қуаныш Сәбитұлы.
Қалған 120 оттегі концентраты аппараттары келесі аптада жеткізілмек.