Ертең кешкі 20.00-ден бастап Көкшетау қаласына кіріп-шығу қайта жабылмақ. Сонымен қатар 26 маусымнан бастап Степногорск қаласын да жабу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина мәлім етті, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Осыған дейін қаланың айналасына санитарлық бекеттер қойылып, жолаушыларға сауалнамалар жүргізіліп, дене қызулары тексерілетін. Енді облыс орталығы мен Степногорск қаласына блокбекеттер қайта қойылмақ.
Жол жүруге санитарлық қызметтер, медицина қызметкерлері,құқық қорғаушылар мен сот органдары, сондай-ақ кәсіпкерлерге ғана рұқсат етілмек. Олардың өздері «Сергек» базасында тіркеуге алынуы тиіс, – дейді Айнагүл Мусина.
Ал Степногорск қаласы 26 маусымнан бастап жабылады.
Бұл қалаларда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардан басқа тұрғындар мен автокөліктерге кешкі 22.00-ден 6.00-ге дейін қозғалыс шектелетін болады, – дейді бас санитар дәрігер.
Жаңа қаулыға сәйкес жерлеу және басқа да отбасылық шараларға 30 адамнан артық қатысуға рұқсат берілмейтін болды. Мұнымен қоса облыстың емдеу мекемелеріндегі жоспарлы емдеу, скринингтен өткізу, ауруханаға жатқызу да уақытша тоқтатылмақ. Қоғамдық тамақтану нысандары жабылып, тек онлайн жеткізу қызметімен ғана тамақ жеткізуге рұқсат етіледі. Тек 30 адамға дейінгі жаздық дәмханалар ғана жұмыс істейді.
Автовокзалдардың жұмысы толықтай тоқтатылады. Теміржол және әуежайлар дәл қазіргідей тек барлық санитарлық нормаларды сақтап, сауалнамалар мен дене қызуын тексеріп қана жұмыс істейді, – деді Айнагүл Мусина.
Қаладағы моншалар мен сауналар тек бес адамнан ғана қабылдауға рұқсат берілмек. Ал курортты-санаториялық нысандарға шектеулер 80 пайызға дейін ұлғайтылады. Шектеулерге сәйкес азық түлік өнімдерін сатпайтын дүкендерді қамтыды. Олар енді тек 19.00-ге дейін ғана жұмыс істемек. Бұл шектеулер науқастар санын төмендетуге ықпал етпесе, шаралар одан әрі қатаятын болады, – деді өңірдің бас санитары.