Біржан сал ауданы Казгородок орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары басталып, қызу жүргізіліп жатыр,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Жаңа оқу жылына дейін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, білім ошағы ажарлы сипатқа ие болады, дейді Біржан сал ауданының тұрғыны Б.Қайырлин.
Қазгородок орта мектебінің іргетасы сонау 1979 жылы қаланған екен. Содан бері мектеп ішінде кішігірім жөндеу жүргізілгенімен, дәл мұндай күрделі жөндеу жұмысы бірінші рет қолға алынып отыр.
Білім ошағының жөндеу жұмысына облыстық бюджеттен 285 миллион теңге бөлінген. Бұл күні құрылысқа құрылысшы мамандар мен қажетті техника жұмылдырылған.
–Қазіргі уақытта монтаждау жұмыстарының жартысы аяқталды. Сондай-ақ, ғимараттың сыртын да қырып, тазартып, әктеп жатырмыз. Ендігі аптадан бастап ішкі әрлеу жұмыстары басталады. Нысанды 15 тамызда тапсырамыз. Барлығы жоспар бойынша жүзеге асуда,–дейді құрылыс учаскесінің жетекшісі Олжас Қабдоллов.
Білім ошағында екі жүзден астам шәкірт білім алады. Күрделі жөндеуден кейін мектеп іші жаңа жиһаздармен толықтырылып, компьютерлермен де жабдықталмақ.
–«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кабинеттердің іші кеңейтіліп жатыр. Мектептің алдына да абаттандыру жұмыстары жүргізілуде,–дейді Казгородок орта мектебінің директоры Алма Бекенова.
Казгородок мектебімен бірге аудандағы Абай ауылындағы білім ордасына дәл осындай күрделі жөндеу жұмыстары жасалмақшы. Таяу арада ауылдағы білім ошағында құрылыс жұмыстары басталады.