Магдалиновка V қорымы Магдалиновка ауылынан батысқа қарай 1,3 шақырымда Есіл өзенінің сол жағалауынан 300 метр жердегі биік қырдың үстінде орналасқан. Қорым алғаш рет 1992 жылы анықталып, 2006 жылы Плешаковтың жетекшілігімен зерттелген,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Ақерке БЫТЫШЕВА
Жалпы, Атбасар ауданында 100-ден аса археологиялық объектілер орналасқан. Зерттеу жұмыстарының арқасында қола және ерте тас дәуіріне жататын тағы 20-ға жуық жаңа археологиялық ескерткіштер анықталған.
Ескерткіштерді визуалды қарау кезінде қорғанның ортасында темір сұқпаның ұшы байқалып, әрі қарай қазба кезінде 0,30 см тереңдікте темір қылыш табылған. Жалпы ұзындығы 79 см қылыштың екі жағы да ұшталған. Тот басқан жәдігердің сақталуы орташа.
Қылыштың ортаңғы тұсы және ұшы майысқан, бәлкім, ауыр тастардың салмағынан болар», – дейді археологтар.
Қылыштың пішіні мен анықталған орнына қарағанда, Солтүстік Қазақстан жерін ерте темір дәуірін мекендеген тайпалардың дәстүрін сипаттайды.
Аталған жәдігер Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ-нің жұмыс жоспары бойынша 2020 жылдың маусым айында жаңа археологиялық объектілерді анықтау мақсатында Атбасар ауданында жүргізген барлау жұмыстарының нәтижесінде табылып отыр.