ҰБТ-ға да Covid-19 кедергі туғызып, бірқатар өзгерістер енгізілді. Ақмолалық оқушылардың алғашқы маңызды емтихан тапсыруы қалай ұйымдастырылатыны жөнінде «Aqmola News» тілшісіне Ш.Уәлиханов атындағы университет жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының обылыстық филиалы айтып берді.
Биылғы жылы 3 408 түлек ҰБТ тапсырмақ. Тағы үш ауданның Целиноград, Аршалы, Қорғалжын аудандарының 855-ке жуық түлегі Нұр-Сұлтан қаласында тестілеуден өтеді.
Мамандардың мәліметіне қарағанда, биыл ҰТБ-ға қатысушылардың саны артқан.
Біріншіден, онлайн тестке қатысуға өтінім беру мүмкіндегі әсер еткен болу керек. Бұдан бөлек оған «Жас ұлан» мектебінің түлектері қосылды.Олар тұрғылықты мекен жайы бойынша тапсырады. Сонымен қатар колледждердің және өткен жылдың түлектері де емтихан тапсырады,-дейді ҰТО-ның жетекшісі Қуаныш Мұхамбетжанов.
Ақмола облысында барлығы 8 ҰБТ қабылдау пунктері ұйымдастырылған. Астрахан ауданынан басқа аймақтарда оқушылар үш ағынмен емтихан тапсырмақ. Аталған ауданда тестілеу екі ағында өткізу жоспарланыпты. Ал, Көкшетау қаласының түлектері тестілеуді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің базасында тапсырмақ. Тестілеу 8 ағында өткізіледі.
Пандемия ҰБТ тапсыру тәрібіне бірталай өзгерістер енгізуге мәжбүр етті, – дейді мамандар. Біріншіден, аудиторияларда орындар саны үш есеге қысқартылды. Балалар бір-бірінен екі метр қашықта отырады. Егер бұрын әрбір аудиторияға 120 бала отырса, осы жазда тек 45-45 бала ғана бір мезгілде тестілеуден өтеді, – дейді Қуаныш Мұхамеджанов.
Тестілеу тапсыруға кірген сәтте балаларға бір реттік бетперделер беріледі. Екі сағаттан кейін оны ауыстырады. Бұл ереже де ҰБТ тапсырудың ұзақтығына ықпал еткен. Енді бұрынғы 3 сағат 50 минут тестілеу уақыты он минутқа ұзартылып, 4 сағатты құрайтын болды.
Жалпы Бірыңғай Ұлттық тестілеуге қатысушылар бес мәрте дезинфекциядан өткізілмек. Маскалық режим мен қолды өңдеумен қатар әрбір қабатта антисептикалық құралдар, дезинфекциялық тоннель мен кілемшелер қарастырылған. Олар киімдер мен аяқ киімді толықтай зарарсыздандырады. Одан әрі тепловизорлар орналасқан. Тағы бір қатаң ережелердің бірі ата-аналар балаларын қолдауға кіре алмайды. Тестілеуді қабылдау пунктерінде бөтен адамдарды кіргізбеу үшін полицейлер кезекшілік жасайды.
–Түлектердің ата-аналары үшін емтиханның онлайн көрсетілімі ұйымдастырылады. Тестілеуден кейін тұтас Қазақстан үшін бірыңғай сілтемені таратамыз. Кірген сәтте өңірді, тестілеу қабылдайтын пункті және басқа да деректерді көрсету қажет, – деді маман.
Естеріңізге сала кетейік, Ақмола облысында ҰБТ 21 маусымнан 3 шілдеге дейінгі аралықта өтетін болады.