Балалар төтенше жағдай қызметкерлері жеткенше үрлемелі бассейнде болған.
Бүгін Кіші Шабақты көлінде сәл болмағанда қайғылы жағдай орын алуға шақ қалды. Балалар отырған үрлемелі бассейн қатты желден жағадан біршама ұзап кетіпті, – деп хабарлайды «Aqmola news» Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балалардың үлкені 8 жаста және кішісі 5 жасқа толған.
Кеше кешкісін 18.53 шамасында Бурабай ауданындағы Кіші Шабақты көлінде кәмелет жасына толмаған балалар отырған үрлемелі бассейнді қатты толқын көл ортасына қарай алып кеткені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына осы жылдың 5 маусымынан бастап қана қызметіне кіріскен мобильді құтқару бекетінің құтқарушылары Ерлан Жапаров пен Ерсін Нұрақай жіберілген. Құтқарушылар барған кезде үрлемелі бассейннен құлап батып кетуден үрейленген балалар шошып қалғанын анықтады. Балаларды қайыққа отырғызған құтқарушылар жағаға аман-есен алып шығып, ата-анасына табыс етті, – дейді Бурабай ауданы жедел құтқарушылар жасағының бас құтқарушысы Еркін Төлепбергенов.
Айта кетейік, Кіші Шабақты көлінде осы жылдың 5 маусымынан бастап мобильді құтқарушылар бекеті ашылған. Құтқарушылар күндіз-түні осы бекетте кезекшілік атқарады. Бекет суға түсу маусымы аяқталғанға дейін жұмыс істемек.
Ақмола облысында жылы ауа райы болғандықтан су қоймалары мен көлдерде демалушылардың қатары көбейген. Ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмай әсіресе суға түскен кезде сақ болуды өтінеміз, – деді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінен.