Ақмола облыстық прокуратурасының жүргізген тексерістерінің нәтижесінде еліміздің басты аграрлық аймақтарының бірі – Ақмола облысында жалпы кадастрлық құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын заңбұзушылық орын алғаны анықталды, – деп хабарлайды «Aqmola news» Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Прокуратура тиісті талап қойса да өңірдің ірі жер иелері заң органының талаптарын жүре тыңдаған. Тіпті, тиісті шараларды орындаудан бас тартқандар да болыпты.
Жер учаскесін тәркілеу – төтенше шара болып табылады. Алғашында жер учаскесін қолданушыларға жерді мақсатты тағайындамасына сәйкес игеру қажеттігі ескертіліп, тиісті шара қабылдау туралы жазбаша хабарлама беріледі. Бірақ, заң талаптарын өрескел бұзғандар талапты орындамады. Жерді игермей берілген ескертуді елемегені үшін 120 мың гектардан астам аумақты қамтитын 170 жер учаскесін мемлекет қорына қайтардық, – дейді Ақмола облысының прокуроры Айдос Майлыбаев.
Дегенмен, прокуратура іс қозғағанынан сескенген бірқатар жер иелері жылдар бойы соқа тісі тимеген жерге түрен салуға мәжбүр болыпты. Осылайша, жалпы кадастрлық құны 5,3 миллиард теңгеге бағаланған 657 мың гектар жер аумақты қамтитын 500 жер учаскесі игеріле бастаған.
Прокуратура егер иеліктегі жерлер ұзақ уақыт тиісті мақсатта қолданылмаса оған он еселік мөлшерде салық салынатынын немесе жерді мемлекет қорына қайтару қажет екендігін ескертті.
Мұнымен қоса жері тәркілеуге алынған заңды немесе жеке тұлға жерді алақол қолданушы ретінде тізімге алынады. Яғни, мұндай тізімге енгізілген соң жерді қайта алу мүмкіндігін жояды.
Прокуратура өңірдегі игерілмеген жерлерді анықтау және оларды мемлекет қорына қайтару бойынша жұмыстарды жалғастыруда.