Бүгін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Қазақ халқының тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған «Шоқан оқулары – 24» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті,- деп хабарлайды Aqmola News.
Бұл туралы университет ректоры Марат Сырлыбаев өзінің фейзбук парақшасында жазды.
Білім ордасындағы ерекше форматта өткізіліп отырған онлайн конференцияға Ақмола облысының әкімдігі атынан Ақмола облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мысырәлімова Айна Ермекқызы қатысып, ғылыми шара қатысушыларын арнайы құттықтады.
Ғылыми конференция жұмысына еліміздің және таяу шығыс елдерінен, сондай-ақ Венгрия, Монғолия, Ресейдің белгілі ғалымдары белсенді түрде қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Маңызы зор тағылымды конференцияға 300-ден астам ғылыми мақала ұсынылып, 4 томнан тұратын электронды форматта жинақ шығарылды.
Ағартушы ғалымның құрметіне арналған ғылыми конференцияның пленарлық отырысында Отандық және Ресейдің танымал ғалымдары тың зерттеулерімен келіп, мағыналы да маңызды баяндамалар жасады.
Атап айтар болсақ: Ш. Уәлиханов атындағы КМУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Абуев Қадыржан Қабиденұлы «Шоқан Уәлихановтың Петербургтегі өмірінен қызықты фактілер», Алматы қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабульдинов Зиябек Ермұханұлы «Қазақтың ұлы ханы Абылайға байланысты тың мұрағаттық деректер», Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Чуркин Михаил Константинович «Ұлы Дала халқының XIX-XX ғасырлардағы саяси өмірі», Түмен мемлекеттік университеті Геоэкология және табиғатты пайдалану кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, доцент Синдирева Анна Владимировнаның ерекше қызықты баяндамасы, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жәмбек Сәбит Нұрмұхамбетұлы «Эпостанудағы Шоқанның ғылыми ұстанымдары» тақырыбындағы тың зерттеулері бойынша жазылған тағылымды баяндамалары конференция қатысушыларын ерекше толғандырды.
Ғылыми іс-шараның өте тартымды, әрі белсенді түрде өткені байқалды. Шара барысында еліміздегі бірқатар Жоғары оқу орындарының ұстаздары мен жас ғалымдарынан баяндамашыларға тақырыпқа байланысты көптеген сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар алынды. Әсіресе, Шоқанның Парижге сапары, ғалымның Сырымбетте дүниеге келуі, Ұлы Дала халқының мәдениеті, Шоқан Уәлиханов тұлғасын зерттеген ғалымдар туралы, әрі Шоқанның әдебиеттанушы ғалым екендігі туралы толық зерттеліп, әлі де болса нақты айтылмай жүрген жақтарына баса назар аударылды.