Ақмола облысында «форвардтық сатып алу» тетігі іске қосылмақ. Бұл туралы «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мәлім етті, – деп хабарлайды «Aqmola news».
«Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Жазинаның айтуынша, «форвардтық сатып алу» тетігі бойынша жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен алдағы егін өніміне қарап сатып алуға мүмкіндік бермек.
Қазір аталған әдісті «Есіл» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы мен Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы жедел енгізу қолға алынған.
Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше көктемгі егіс науқанын өткізу кезінде ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне техника, қосалқы бөлшектер, тұқым және жанар-жағармай сияқты қажеттіліктерді сатып алу үшін несие алу әлі де болса қиынға соғып тұр. Дегенмен, арнайы мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес аталған мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді.
«Кең дала» бағдарламасы бойынша аграрлық-несие корпорациясы арқылы 22 миллиард теңге несие берілді. Көктемгі егіс жұмыстарына ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы да жақсы көмек алуға болады. Несиелік өнім «Егін жай» деп аталады. Аталған бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруашылық серіктестіктері 6 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Бұл шағ,ын шаруашылық субъектілерін дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, қазіргі таңда «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кепілдігімен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы бөлінетін форвардтық сатып алу бағдарламасы да іске қосылды, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов.