Біржан сал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев сапары кезінде аудан тұрғындарымен жүздесіп, жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын бақылап, мекемелердің жұмыс тәртібін тексерді. Биыл ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі.,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
Өңір басшысы аудандағы құрылыс жұмыстарын аралады. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Степняк қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба құны 500 миллион теңгеден асады. Спорттық нысан тамыз айында пайдалануға берілуі тиіс. Ал, мердігерлер мерзімінен бұрын маусымда тапсырмақ.
Сонымен қатар облыс әкімі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына көңіл аударды. Бұл үш қабатты үй тамызда пайдалануға беріледі. Өңір басшысы мердігерлерге сапаға мән беріп, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Өңір басшысы Ермек Маржықпаев Үлгі орта мектебіне барды. Білім ордасы 1979 жылы салынған. Биыл мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 90 миллион теңге бөлінген.
-Жөндеу жұмыстарын бастау қажет. Бірақ жұмыс сапалы болсын. Демеуші тауып беремін. Олар сіздердің мұражайларыңызды да жөндеуге, әсемдеуге көмектеседі, -деді өңір басшысы.
Ауданда жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Ермек Маржықпаев шағын және орта бизнестің дамуына да назар аударды. Ауданында кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Аудан азаматтарының жеке қаржысы есебінен отбасылық-сауықтыру кешені бой көтерген. Оның жүзеге асуына 2,5 миллиард теңге жұмсалған. Мұнда медициналық қызмет көрсетіледі, оңалту шаралары жүзеге асырылады. Сонымен қатар, қысқы спорттық-сауықтыру орталығы да жұмыс істеп тұр.
Аудан аумағындағы «Көкше-цемент» зауыты жылына 2 миллион тонна цемент өндіреді. Өнім еліміздің барлық өңірлеріне жөнелтіледі. Қазіргі таңда кәсіпорында екі кен орны бар. Зауыттың өндіріс үрдісі бүгінде толық автоматтандырылған. Еліміздегі үздік үштіктің қатарындағы зауыттың қондырғылары Қытайдан емес, Еуропадан жеткізілген.
Мұнда асыл тұқымды мал шаруашылығы да дамып келеді. Облыс әкімі Кеңащы ауылындағы «Бурабай-Астық» серіктестігіне ат басын бұрды. Шаруашылықты ангус тұқымды 4500 бас ірі қара малға арналған репродуктор бар. Аталған жоба 2 миллиард теңге көлеміндегі жеке қаржатпен жүзеге асырылған болатын.