Қала тұрғындарына айтылған уақытында әлі күнге дейін су берілмегендігі туралы Көкшетау қаласының әкімі ресми мәлімдеме жасады,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі Көкшетау қаласы әкімдігінің инстаграм парақшасына сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетсек осы жылдың 24 ақпанында кәріздің алты метрлік төмендегі құбыры жарылып Көкшетау қаласында су беру уақытша тоқтатылған еді.
– Апаттан кейін бір сағат ішінде жедел штаб құрылып, бір тәулікте жағдайды қалпына келтіруге тырыстық. Ол үшін қаланы толығымен судан ағытуға мәжбүр болдық. Қазір бір жарым тәулік бойы «Көкшетау су арнасы» коммуналдық мекемесі, облыстың төтенше жағдайлар қызметі басқа да күш құрылымдары барынша жұмылдырылып, аталған апатты жойып қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Біз бір тәулік ішінде апатты жағдайдың салдарын жоймақ болдық. Алайда, су ағынының жетпіс пайыздан астамы яғни 20 мың текше метр су қала арқылы өтетіндіктен ағынды бірден тоқтату мүмкін болмады. Жерді қазу барысында ағын судың көптігінен топырақ қыртыстары опырылып құлап, жұмысты жүргізуге айтарлықтай қиындықтар келтірді. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың тапсырмасымен қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жақын маңдағы аудандардан және «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамынан көліктер бөлініп, ауыз су тұрақты тасымалдануда. Осыған байланысты қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз. «Су арнасы», «Тазалық», «ДЭУ» коммуналдық мекемелерінің 15 су тасығыш көліктері қала бойынша ағын суды тасымалдауда. Қала тұрғындарынан аталған мәселеге байланысты түсіністікпен қарауды өтінемін. Бір тәулік ішінде аталған мәселені шешетін боламыз, – деді Амангелді Смаилов.