Ақмола облысында «Петропавл-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойызы «Аршалы-Анар» бағытында келе жатып 11 бас жылқыны қағып кетті,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Осы дерек бойынша оқиға орнына Ерейментау станциясындағы жергілікті полиция бөлімшесінің жедел-тергеу тобы шықты. Көлік полицейлерімен жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде жылқылардың иесі Ерейментау ауданының 42-жастағы тұрғыны екені анықталды. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 559-бабының 1 бөлігі, яғни, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу әрекеті бойынша әкімшілік жауапқа тартылып, оған 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды»,-делінген хабарламада.
Теміржол – аса қауіпті аймақ. Осыған қарай, көлік полициясы қараусыз қалған малдардың пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін тағы да ескертеді. Азаматтар үй жануарларын жаю ережелерін мүлтіксіз сақтауы және теміржол маңында олардың жүруіне жол бермеулері тиіс,-делінген сайт жариялаған ақпаратта.
Сондай-ақ онда биылғы жылдың басынан бері пойыздарды шұғыл тежеудің 214 фактісі тіркелген. Олардың 130-дан астамы теміржол үстіне малдардың шығып кетуіне байланысты болған.
Бүгінгі күні теміржол бойында мал жайған 70-тен аса тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Мәселен, ағымдағы жылдың 16 ақпанында Нұр-Сұлтан станциясындағы желілік полиция басқармасына «Торғай- Селеті» аралығында жүк пойызының машинисті теміржолда үй жануарының жүруіне байланысты шұғыл тежеуді қолданғаны туралы хабарлама келіп түскен. Соған қарамастан ол 3 жылқыны қағып кеткен.