Абай қазақтың ән өнері мен мәдениетіне зор мұра қалдырған тұлға. Ол бізге жол сілтеуші, ақыл-кеңес беруші ғұлама болумен қатар өлең сөздері әнге айналған өнерпаз ретінде де оның есімі ұрпақ санасында жаңғырып келеді. Бүгінде еліміздің классик әншілері Абай әндерін нақышына келтіріп орындап жүр. Көкшетаудағы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясындағы Абай әндеріне арналған кеште де елімізге танымал орындаушылар халықтың қошеметіне бөленді,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
Жүрегімнің түбіне терең бойла…
Абайдың өз сөзінен алынған бұл тағылымы концерттің атауы ретінде кештің ажарын аша түскендей… Ғұламаның жүрек түкпіріне терең бойлаған адам ғана оның болмысынан хабары болары хақ. Ол үшін сезімтал жүректің боуы шарт!
Абайдың туғанына 175 жыл толуына арналған салтанатты кеш өте әсерлі болды. Қазақтың ән өнеріне үлес қосып жүрген мәдениет қызметкерлерінің өнеріне қол соққан, студент жастар мен көкшелік өнерсүйер қауымның ықыласы сүйсіндірді. ҚазҰӨУ-дің «Жастар» студенттік хор капеллалары мен Қ.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптарының солистері мен оркестірі Абай әндері «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», Ахмет Жұбановтың «Абай» операсының ариясы сияқты танымал әндер мен романстарды сүйемелдеді. Сахнада белгілі қазақстандық әртістер мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Олардың қатарында Серікболсын Бекмолдин, Шолпан Дүкенбаева, Фархат Сағымбай, Гүлжан Ахметова, Шыңғыс Сәрсенбай, Мереке Бекмағамбетов, Ғазиза Жұмекенова және тағы басқалар бар.
Дирижерлер Тұрлықожа Базаров пен Жанат Рашиттің басқаруында халық әндері мен күйлері орындалды.
Концерт «Абай» операсынан алынған «Той бастар» шығармасымен аяқталды.