Мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының басым бөлігі ресми құжаттары мен талапарыздарын тек орыс тілінде ғана жібереді. Бұл туралы Ақмола облыстық сотында «Мемлекеттік тілдің сот саласындағы қолданыс аясы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысында мәлім болды, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Облыстағы аудандық және қалалық сот төрағалары, облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқан жиын бейнеконференция түрінде өткізілді.
Жиынды ашқан Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмірдің айтуынша облыста сот істерінің мемлекеттік тілде қаралу деңгейі аса төмен. Облыс соттарымен мемлекеттік тілде қаралып жатқан барлық істер мен материалдардың пайыздық көрсеткіші (2016 жылы – 1,3%, 2017 жылы – 3,3%, 2018 жылы – 3,8%, 2019 жылы – 5,0 %), 2020 жылдың 8 айында – 7,5 % ғана жеткен.
«Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдай жасалған, заңнамалық және құқықтық база, мемлекеттік бағдарламалар, концепциялар, мемлекеттік тілді дамыту бойынша ведомстволық жоспарлар құрылған, ал әрбір мемлекеттік қызметшінің мақсаты тек қана заң нормаларын сақтау, азаматтардың тіл таңдауға деген құқығын бұзбай оны дұрыс қолдану ғана болып табылады. Мемлекеттік тілді білмейтін бірде азамат болмау керек, өйткені, тілді білу – парыз деп «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңында белгіленген. Мемлекеттік тілде заң үстемдігін неге қамтамасыз етпейміз» – деді Досжан Әміров.
Сот төрағасы құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемемелерінің басшыларын сотқа құжаттарын қазақ тілінде жолдау қажеттігіне назар аударды.
Ақмола облыстық сотының мәліметтері бойынша бірқатар құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер мемлекеттік тілді қолдану заңнамасының бұзылуына жол берген. Мәселен, осы жылдың 8 айында барлық облыс соттарына түскен мемлекеттік мекемелер мен органдардың құжаттарының басым бөлігі тек орыс тілінде түскен. Осыған байланысты сотта 872 іс қаралып, мекеме басшыларына 62 жеке ұйғарымдар шығарылған. Атап айтқанда жалпы түскен 1890 талапарыздың тек 544-і ғана қазақ тілінде болған. Мәселен, облыс әкімдігінен түскен құжаттардың 66,2 пайызы, білім беру басқармасынан 13,6 пайызы, денсаулық сақтау басқармасының 66 пайызы, әділет департаментінен 6,1 пайыз, полиция департаментінің 7,2 пайызы ғана мемлекеттік тілде жолданған.
Қабылданған қарарға сәйкес тергеу органдары, прокуратура және соттар азаматтардың тіл таңдау құқықығын сақтай отырып, істі мемлекеттік тілде жүргізу бойынша бақылауды күшейтуге, сот ісін жүргізу тілі жөніндегі заңнама нормаларының бұзылуын анықтау және жол бермеу мақсатында барлық шараларды қабылдауға, мемлекеттік органдар соттарға талап қою арыздарын мемлекеттік тілде жолдау туралы міндеттеме алды.