Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Кенесары ауылында ерекше отбасы тұрады. Мұрат пен Орынбасар Қабылбаевтар он үш баланың ата-анасы, оның біреуі – туған баласы болса, қалғандарын балалар үйінен асырап алған. Мұраттың сөзінше, асыранды 12 баласы бар әулеттің қарапайым отбасылардың ешқандай ерекшелігі жоқ.
Мұрат Қабылбаевтың өзі асырап алынған балаларға және бала асырап алған отбасыларға көмек беретін ұйымда жұмыс істейді. Қор қызметкерлері ата-анасыз қалған балалардың қиындықтарын шешу жолында белсенді түрде еңбек етеді.
Көп балалы әкенің сөзінше, үкіметтік емес ұйым он жылдан астам уақыт бойы әртүрлі кездесулерде Қазақстанда кәсіби патронаттық отбасын құру идеясын көтеріп келеді.
Мұрат Қабылбаев
«Он жыл уақыт өтті, әйтеуір біздің сөзімізге құлақ асатын адамдар табылды, әрекеттер жасалып жатыр, осы бағытта жұмыс жүруде, көптен күткен Кәсіби отбасы туралы заң қабылданудың алдында тұр», – дейді ол.
Ал Оқу-ағарту министрлігі «Білім туралы заңға» өзгеріс енгізіп, кәсіби отбасының құрылуы туралы жазды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, кәсіби отбасылардың қамқоршы отбасыдан айырмашылығы бар. Бұндай отбасығы кез келген бала кез келген уақытта қабылдануы мүмкін.
«Бұрын бала балалар үйіне түсіп барып отбасыларға берілетін еді. Ал енді заң қабылданған бойда бала бірден отбасыға берілетін болады», – дейді ол.
Министрдің сөзінше, бұл шара бейімделу барысында болатын күйзелісті мейлінше азайтады. Аталған заңның мағынасы қандай және ол алдыңғы бағдарламалардан несімен ерекше? Мұрат Қабылбаевтың бұған да жауабы бар:
«Балалар үйінде қаншалықты керемет жағдай жасалса да, ол балаға отбасы беретін жылулықты бере алмайды. Тіпті интернаттың өзінде аз уақыт болған баланың жүйке жүйесі жарақат алып шығады. Практик маман ретінде осыны нық сеніммен айта аламын. Өйткені, отбасымызға әр баланы әр жылы қабылдадық. Бала балалар үйінде қаншалықты көп уақыт болған сайын оны қарапайым өмірге бейімдеу соншалықты қиынға соғады».
Балалар үйінде бір жыл болған баланы өз қалпына түсіру үшін Қабылбаевтар 3-6 жылдан аса уақыт жұмсаған.
Қабылбаевтар отбасы. Фото отбасының жеке архивінен алынды
Қазіргі таңда Қазақстанда қамқоршы, қорғаншы, бала асырап алған отбасы деген ұғымдар бар. Алайда кәсіби бала асырап алушы отбасы – бөлек әңгіме. Бала қиын жағдайға түсіп қалғанда оны сол жерден алып кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына жатқызады, кейін балалар үйіне ауыстырып, содан соң асырап алушы отбасыға береді. Егер кәсіби отбасы енгізілсе, процесс басқаша жүрер еді.
«Әзірге заңда қалай жазылатыны белгісіз. Өз отбасына немесе туыстарына қайтарылмаған жағдайда ғана бала асырап алушыға, қорғаншы немесе қамқоршы адамға беріледі», – дейді кейіпкеріміз.
Асырап алушы отбасының өзі қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болып бөлінеді.
«Денсаулығында кінәраты бар, мүмкіндігі шектеулі балаларды да асырап алатын отбасылар керек деп ойлаймын. Асырап алушы отбасының құрылымы мен дамуы туралы айтқанда, біз мүмкіндігі шектеулі балалардың бар екенін ұмытып кетеміз. Оларға да қамқорлық керек. Көбіне мұндай балалар қоғам назарынан тыс қалып жатады», – дейді Мұрат Қабылбаев.
Ол тағы бір өткір мәселенің бар екенін жасырмады. Қазақстанда соңғы жылдардағы статистика бойынша асырап алынған баланы қайта тапсыру бірнеше пайызға өскен.
«Мұндай балаларды өз отбасыларына қайта береді. Ол отбасыларды қадағалауда ұстау керек. Егер отбасы қиын жағдайды бастан кешіп жатса, басқа да қордаланған мәселелері болса, міндетті түрде бақылау қажет», – дейді ол.
Қабылбаевтың пікірінше, егер ата-ана әкелік немесе аналық құқығынан айырылған болса, бірақ оларға балаларын қайта берсе, оның соңы жақсылыққа апармауы әбден мүмкін.
«Тұрмыстары төмен отбасыларда кәмелеттік жасқа толмаған балалар жиі зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады. Физикалық немесе сексуалдық зорлықты жиі көреді. Бұның бәрі не үшін болып жатыр? Өйткені дағдарыс жағдайындағы отбасылар қараусыз қалады. Егер біз бүгін балаларды құқығынан айырылған немесе құқығы шектелген биологиялық отбасына қайта берсек және оларды қараусыз қалдырсақ, балаға қатысты зорлық, зұлымдық тек өсе беретін болады», – дейді Мұрат Қабылбаев.
Алматы қаласы Вознесендік соборының психологы Виктория Левина Қабылбаевтың пікірін қостады.
«Кәсіби отбасылар туралы мәселені дұрыс көтерген. Өйткені ол балалардың жас ерекшеліктері мен денсаулық ерекшеліктерін жақсы түсініп отыр. Бала асырап алушылардың кәсібилігі өте маңызды, ондай отбасылар жоғары білімді болуы керек, баланың өсуі мен дамуындағы ерекшеліктеріне дайын болуы тиіс. Әртүрлі себептермен баласыз жүрген отбасылар балалар үйінен бала асырап алуға қорқады. Бұл генетика мен тәрбиені түсінбеуден туады. Гүл өз-өзінен өспейді. Оған су құйып, күтіп-баптау керек. Сол сияқты балаға да бағбан керек. Көп ата-ана бала алқаш, есірткіге құмар, ашушаң болып кетеді деп қорқады. Егер тіпті бала генетикалық тұрғыдан әлдебір ауруға бейім болса, өмірге құштар, сау қарым-қатынастағы отбасының ортасына түскенде тәрбиенің әсерінен қалыпты адамға айналып шыға келер еді. Егер ата-ана баланың жас ерекшеліктері туралы білмейтін болса, оның бүкіл теріс қылығын генетикаға жауып отырса, бұл білімсіздік деген сөз. Сондықтан бала асырап алушы отбасының кәсібилігі өте маңызды», – деді психолог.