Ақмола облысының Қорғалжын ауданы Амангелді ауылдық округінің маңында «Өркендеу» деген жер атауы бар. Бұл жерде XVII ғасырда салынған тарихи мазар орын тепкен. Тарихшылар бұл жерде XVII-XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысы кезінде жаудың қолында қаза болған қазақтың батыр қызы Қаныкей жерленгенін айтуда. Осы күні мазар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Ақмола облысы киелі нысандарының картасына еніп отыр. Бұл жердің құпиясы туралы Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығында айтып берді, деп хабарлайды «Aqmolanews» Қазақпаратқа сілтеме арқылы.
Мамандардың айтуынша Ақмола облысы аумағы тарихи ескерткіштерге бай. Өңірде осындай 10 ескерткіш Қазақстанның киелі орындарының картасына енсе, 33-і облыстың киелі нысандарының тізіміне алынған.
Қорғалжын ауданындағы 10-нан астам киелі тарихи ескерткіштерден көне дәуір, сақ және көне түркі дәуірінен көптеген құнды мағұлматтар алуға болады. Әсіресе, Қаныкей, Ақ Еділ Қожа, Әліптомар, Беспақыр мазарлары және Жәнібек Шалқар, Бытығай кесенелері туралы білмейтін адам кемде-кем. Соның ішінде халықарасында Қанекей мазары аталып кеткен тарихи ескерткішке тоқталатын болсақ, қазақ қыздарының сол кезде де ел басына қатер төнген шақта, ерлермен бірге атқа қонып, өз халқының бейқұт өңірі, бейбіт өмірі үшін шыбындай жанын қиып, қасықтай қанын төкенін байқауға болады.
Халық эпосындағы Сақтардың ханшайымы Тұмар ханым, Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, бергі дәуірдегі Домалақ ана мен Айша бибі, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қолбастаған Бопай, ел билеген Айғаным, Ұлпан аналарымыз сол әйелдердің шоқ жұлдыздай бір шоғыры. Қаныекей де солармен қатар қоюға әбден лайықты.
Оның ескерткіші мен ол туралы айтылған тарихи деректерді Ақмола облысының тарихи және мәдениет ескерткіштерін зерттеу құжаттары «Қазқайтақалпынакелтіру» РМК ҒЗЖФ жиынтық бөлімі зерттеді.(2006 ж. Ғ.М. Қамалов). Онда біраз нақты деректер келтірілген. Сонымен қатар, жергілікті өлкетанушы Маймұқан Боранбай мен Қудайберген Мырзабеделовте халық арасында қалған аңыздар да 300 жыл бұрын Қорғалжынның «Өркендеу» жері «өркендеу, даму» осы жерлер қазақ пен қалмақтар арасында шекара болғаны және олардың бір бірімен жаугершілік соғыс жүргізгендігі туралы нақтылы деректердің барын айтуда.
Сол аңызға келетін болсақ, онда былай айтылады: Сол бір жорыққа толы замандарда қазақ пен қалмақ арасында шайқас жиілеп, жеңіс екі жаққа алма-кезек ауысып отырса керек. Осындай бір жорыққа қазақ ханының Қаныкей атты бойжетіп қалған 15 жасар қызы аттанған екен. Хан қызының қасында құралайды көзге атқан қырық нөкері болыпты.
Бұл мерген қыздар соғысқа тікелей араласпай жебе жетер жерден жаудың қолбасшыларын көзден атып, қалмақтарды көп шығынға ұшыратып отырса керек. Қол бастайтын батырлары бірінен соң бірі ат жалын құшып жатқан соң, қалмақ ханы арнайы жасақ құрып, қырық қыздан тұратын мергендер тобын біржола құртуды көздейді.
Сай тасындай іріктелген жүз жігіттен тұратын жау жасағы соғыстың бір қызған кезінде қазақ қолын айналып өтіп, мерген қыздарға тұтқиылдан тарпа бас салады. Күтпеген жерден тап берген жауға қыздар жасағы қарсылық көрсетіп, оңайшылықпен алдыра қоймайды. Дегенмен, саны көп жау жасағымен қоян-қолтық ұрыс барысында Қаныкей қыздың аты жау найзасынан ауыр жараланып, иесін жаяу қалдырады.
Қазақ қызына тән қайсарлықпен жауға ұмтылған Қаныкейдің өліспей беріспейтініне көзі жеткен қалмақтар, өжет қызды садақпен атқылап мерт қылады. Жау әскерінің айналып өткенін біліп жеткен қазақ қолы Қаныкейдің кегі үшін қалмақтарды бірін де қалдырмай жер жастандырады. Қазақ елінің намысы жолында жанын берген Қаныкей қызды арулап, батырға лайық құрметпен жер қойынына тапсырады. Басына қызыл кірпіштен биік қылып зират көтереді. Уақыт өте келе жауын-шашын мен қар суы, жазық даланың желі зират кірпішін мүжіп, тегістеп жібереді. Қаныкей қыздың зираты жатқан сол мекен Өркендеу деп аталады екен.
Кейінірек осы Өркендеуге Өтеқара деген бай қоныс тебеді. Мыңғырған мал айдаған байдың Байбек деген жалғыз ұлы болыпты деседі. Ажал айтып келмейді демекші, бір күні бай баласы мерт болып, ата-анасы қайғы жұтып қалады. Жан дегенде жалғыз ұлынан айырылған Өтеқара бай ұлының басына үлкен қылып жерленген жерін көтереді. Бірақ халық бай ұлының жерленген жері екенін білсе де, ерлігімен есте қалған Қаныкей қыздың атымен атап кеткен екен. Бұл жерленген жер жазық далада мен мұндалап сонау бір жаугерлік заманның белгісіндей болып әлі тұр.