Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің және Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшылығы сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою мәселелерін талқылады. Кеңеске аудандық және қалалық аумақтық инспекциялардың өкілдері де қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар пара алу фактісі бойынша Көкшетау қаласының мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларының біріне қатысты қылмыстық іс шеңберінде ҚПК-нің 200-бабының тәртібімен енгізілген ұсынысты қарады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекеттік қызметші қалалық базар аумағына ветеринариялық анықтамасыз етті кедергісіз әкелгені үшін жеткізушіден пара алғаны анықталды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда.
Осындай құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында ҚР заңнамасын бұзуға жол берген кінәлі тұлғаларға тәртіптік сипаттағы қатаң шаралар қолдану, ұжымдарда тиісті түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу ұсынылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимов кездесуге қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша маңызды заңнамалық түзетулерді түсіндіріп, ветеринариялық бақылау және қадағалау жүйесінде шешілмеген проблемалық мәселелердің бар екендігін атап өтті. Тек соңғы 3 жылда облыс Антикоррупциялық қызметінің өндірісінде аталған салада 25 қылмыстық іс болған.
«Өңірдің ветеринариялық қызметінің мамандары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жүйелі түрде жасайды. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан формальдық жұмыстың дәлелі. Аумақтық инспекциялар басшылығы тиісті бақылауды қамтамасыз ете отырып, кешенді алдын алу шараларын күшейтуі қажет. Қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолданбағаны үшін басшылар дербес жауап беретінін еске саламын», – деп атап өтті Арман Рахимов.
ФОТО: Антикор