spot_img
Сәрсенбі, Қараша 27, 2024
-11.6 C
Kokshetau

Медузаның мұңы: қорланған қыздардың қасіреті

Сондай-ақ...оқыңыз

Горгон Медузасы туралы естуіңіз бар ма? Ол жайында ежелгі гректерде жантүршігерлік миф бар. Әлеуметтік желілерде жаңа тренд үлкен танымалдылыққа ие болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған миллион қолданушы Горгон Медузасының суреті бар бейнелерді жариялап, бұрын зорлық-зомбылыққа ұшырағанын мойындап жатыр.Соңғы жылдары қыздар денесіне Горгон Медузасының суретін таңба қылып салдырып та жүр.

Аңыз бойынша, сұлулығы көз тартқан, бұйра шашты Медуза есімді қыз өмір сүріпті.  Посейдон есімді теңізқұдайы һас сұлу Медузаға ғашық болып, қызды Афина ғибадатханасында зорлайды. Медуза Афинадан көмек сұрап жалбарынады. Бірақ Афина көмектесе алмайды. Сол түннен кейін қаһарына мінген Афина құдайы Медузаны енді оған ешкімнің көзі түспейтіндей басында жыланы бар,  құбыжыққа айналдырады. Біздің қазақ қоғамы секілді, иә? Зорлаған жігіт емес, зорланған қыз кінәлі болып шығады. Жә-жарар. Азап пен қорқыныштан арыла алмаған Медуза қаладан қашып, беймәлім мекенге кетіп қалады. Барлық адамға деген жек көрініші күн сайын артып, кеудесінде өшпес өшпенділік пайда болады. Ол үңгірде мекен етті. Үңгірдің жанынан өткен кез келген адамды, жануарды тасқа айналдырып өлтіреді. Адамзат жүрегінің онсызда тас екенін ұғынып, шынайы кейіптеріне қайтарды.  Медуза қыздың мұздаған жүрегі қаншама нәзік қыздардың кеудесінде соғып тұрғаны – жаныңа батады. Медузаның мұңы мен өшпенділігі қаншама арулардың таңымен бірге атып, кешімен бірге батады. Егер Медзуаның тасқа айналдыру қасиеті зорланған әрбір қызда болса, тас дәуіріне қайта оралар ма едік…

Статистика сөйлесін

Әлем бойынша 736 миллион әйел физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) хабарлады.Зерттеуге161 ел қатысқан. Зерттеу нәтижесі бойынша зорлық-зомбылық ерте жастан басталатындығын көрсетеді. Сауалнамаларға сәйкес, бұрын-соңды қарым-қатынаста болған әрбір төртінші әйел серіктес тарапынан 25 жасқа дейін зорлық-зомбылыққа тап болған. Әйелдердің 6%-ы күйеуі немесе серіктесі емес адамдар тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа көргені туралы мәлімдеді.Табысы төмен және табысы орташа деңгейден төмен елдердің тұрғындары басқаларға қарағанда жиі зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ең жоғары көрсеткіштер Океания, Оңтүстік Африка және Сахараның шығысындағы Африкада байқалады.

ДДСҰ 15-49 жас аралығындағы әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырау статистикасы:

  • Океания–51%;
  • Меланезия, Микронезия–41%;
  • Полинезия–39%;
  • Оңтүстік Азия – 35%;
  • Сахараның шығысындағы Африка–33%;
  • Солтүстік Африка–30%;
  • Батыс Азия–29%;
  • Солтүстік Америка–25%;
  • Австралия және Жаңа Зеландия –23%;
  • Латын Америкасы және Кариб бассейні – 25%;
  • Солтүстік Еуропа – 23%;
  • Оңтүстік-Шығыс Азия–21%;
  • Батыс Еуропа – 21%;
  • Шығыс Азия – 20%;
  • Шығыс Еуропа – 20%;
  • Орта Азия – 18%;
  • Оңтүстік Еуропа – 16%.

ДДСҰ-ның бас директоры доктор Тедрос Гебрейюс: «Зорлық-зомбылық мәселесі  COVID-19 пандемиясы кезінде  күрделене түсті деп шағым жасады», – дейді.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін шешу үшін ДДСҰ бірқатар шараларды ұсынды:экономикалық және әлеуметтік теңсіздіктің жүйелік себептерін жою; білімге және қауіпсіз еңбек жағдайларына қолжетімділікті қамтамасыз ету және гендерлік кемсітушілік нормалары мен осыған байланысты қоғамдық институттарды өзгерту;зорлық-зомбылық құрбандарына көмектің аса маңызды түрлеріне қолжетімділік жасау; әйелдер ұйымдарын қолдау; теңсіздік туғызатын әлеуметтік нормаларды түзету.

Қазақстанда да жағдай мәз емес. Екі күннің бірінде «зорлап кетіпті» деген сөзді естиміз. Соңғы 6 айдың өзінде «Алматылық дәрігер ауруханаға түскен баланың зорланғанын мәлімдеді», «Түркістан облысында бес жасар баланы зорлаған ауыл тұрғыны сотталды», «Алматы облысында даладағы әжетхананың қасында әйелді зорлап, тонап кетті», «Анасы үйде болмаған: Алматы облысында ер адам 13 жастағы қызды зорлап өлтірді»,  «Солтүстік Қазақстанда демалыс базасында бес жігіт 17 жастағы қызды зорлаған», «Ер адам қоғамдық көлікте 10 жастағы қызды зорлады», «Шығыс Қазақстанда науқас шақыртуына келген медбикені зорлады»   деген сияқты жаңалықтар шықты. Әрбір жаңалықтың артында адам тағдыры, қыздың көз жасы жатыр. Мұндай хабарлардың көптігі сонша, етіміз де үйреніп кетті.

ҚРЖоғарғы Сот  қылмыстық істер жөніндегі Сот алқасының мәлімдеуінше, елде  2017 жылы 457 адамның ішінде 115 адам (25%), яғни әрбір төртінші адам бас бостандығынан айыруға; 198 адам (43%) бас бостандығын шектеуге сотталды;2018 жылы 285 адамның ішінде 83 адам (30%), яғни үштен бірі бас бостандығынан айыруға, 185 адам (65%) бас бостандығын шектеуге сотталды;2019 жылы 320 адамның ішінде 124 адам (39%) бас бостандығынан айыруға, 188 адам (59 %) бас бостандығын шектеуге сотталды;2020 жылдың 4 айында 108 адамның ішінде 48 адам (44%) бас бостандығынан айыруға, 58 адам (54%) бас бостандығын шектеуге сотталды.

«Мен өзіме қиянат жасаған адамды аямадым»

Әлемде әрбір үшінші әйелге жыныстық зорлық-зомбылық жасалған. Әрбір үшінші әйелде ежелгі грек мифіндегі Медузаның, қазақ әдебиетіндегі Ақбілектің тағдыры бар. Зерттеу барысында тағы бір сондай тағдырмен таныстық. Астана қаласының Жамал есімді тұрғыны қолына Горгона Медузасының суретін таңба қылып салған екен. Себебі 22 жасында өзінің туысынан зорлық көрген. Жәбірлеуші сотталып, қазір жазасын өтеп жатыр-мыс. Оны түрмеге жапқанмен, Жамалдың жүрегінде жара жазыла қоймайтыны анық. Жамалға қарап тұрып Жүсіпбек Аймауытұлының «Зорлық, қиянат, қанішерлік жоғалып, бір заманда адам баласы бірін-бірі маңдайға шертпейтін, жер жүзіне ұжымақ орнайтын шақ бола ма, жоқ па?» деген сөзі ойыңа еріксіз оралады. Жамалдың жүзі қаншалықты аппақ болса, көңілі соншалықты мұз. Ол  сөзін «Мен жағдайдың қалай болғанын егжей-тегжей айтпай-ақ қояйын. Онсыз да бәрін білесіздер. Негізі өзім үшін өте батыл қадамға барып отырмын. Бізде зорланған қыздармен көп сұхбат шығып жатады. Бірақ барлығы болған оқиғаға акцент түсіреді. Оқиғаның қалай болғанының не маңызы бар? Жағдай – бір. Мен психологиялық жағын қозғағым келеді», – деп бастады.

Кейіпкердің қолынан Медузаның таңбасын көрдік. Арнайы тату жасайтын салонға барып жасатыпты. Оның сырын кейіпкер былай түсіндірді: «Мен Медуза жайлы осыдан төрт жыл бұрын естіп, зерттей бастадым. Сырына қаныққан соң қолыма салдырамын деп шештім. Себебі, жұрттың осындай сұмдықтардың бар екенін білгенін қаладым. Үнсіз ұғынғанын. Бір жағынан Медуза – менің пірім сияқты. Ол құбыжыққа айналса да, өзінің өшпенділігін ұмытпады. Ол кек алуға тырысты. Ол аз да болсын әрекет жасады. Ал біздің қыздар іштерінен тынып, үнсіз қалады. Көбінесе залымдар өз істері үшін жауап бермейді. Жазаланбайды. Егер біздің қыздар үнсіз қалудың кесірінен басқа қыздардың тағдырын құртатынын білсе ғой. Біле тұра үнсіз қалса – ол қиянат!».

Содан сөзін «Мен өзіме қиянат жасаған адамды аямадым. Иә, маған қиын болды. Өмірдің бұл таяғы қатты тиді. Енді қайтіп тұра алмайтын шығармын деп ойладым. Бірақ өмір жалғаса береді екен. Психикамды жөндеуге ұзақ уақыт кетті. Әлі де қатты дыбыстардан қатты қорқамын. Көшеде дұрыс жүре алмаймын. Көкейімде үнемі қорқыныш тұрады. Өзгеге жасаған әлімжеттікті көрсем өзімді танымай қаламын. Есім адасып, ашуымды ұстай алмай қаламын. Бұл айтқандарым – маған жасалған қиянаттың кішкентай ғана салдары. Мен туысым екен деп аямадым. Ашық түрде сотқа бердім. Қазір түрмеде. Әзір шықпайды. Шыққаннан кейін де ол тыныш өмір сүреді деп айта алмаймын. Егер сіздердің бастарыңыздан осындай оқиға өтсе, өтініш, жасырмаңыздар, заңға тартыңыздар. Сіз ең соңғы қыз емессіз ғой. Осыны қыздар неге ойламайды?» – деп аяқтады. Кейіпкерден басқа дүниелер туралы сұрамадық. Себебі, бәрі айқын еді. Біздің мақсат –  Жамалдың осындай қайсарлығын басқа қыздарға жеткізу. Бұл Жамалдың «Бақытсыз Жамалдан» айырмашылығы – берілмеуінде. Өмірде барлық Жамалдар «бақытсыз» бола бермейтін шығар.

«Қыз киімі кінәлі емес»,- психолог,  Назигуль Аблахатқызы

«Медуза Гаргона» аңызынан не байқаймыз? Зорлық көрген әйелдерден нәзіктігін жоғалтуын, жанының қатаюын, өздерін кешірмеуін, адамдарға деген сенімнің жоғалуын байқауға болады. Зорланған қыздың жаны алай-дүлей болады. Тәні қалай ауырса, жаны да солай ауырады. Білесіз бе? Кез келген жан дүниесінде жарасы бар адам айналасына мұңын айтқысы келеді. Осы Медуза белгісі арқылы іштегі қайғыны сыртқа шығаруын түсінуіміз қажет. Қазіргі қоғамды немқұрайлылық басып кетті. Ал немқұрайлылық – ең үлкен қатыгездік. Біздің қоғамдағы психологиялық сауаттылықты әлі де жоғары деңгейге көтеру қажет. Отбасы мүшелері, қоғам, таныстары зорлық көрген қыздардың өздерін кінәлайды. «Сенің өзіңнің киім киісің қандай болды?», «түнде далада неге жүрдің?», «өзің қалаған шығарсың?» деген айыптауларды жәбірленушілер жиі естиді. Құлағанды жұбатудың орнына таптап тастайтын не қылған қоғам деп кейде ашынасың. Ол қыз миниюбка киіп жүрсе де, түннің ортасында жүрсе де алаңсыз жүретіндей деңгейге көтерілуіміз керек. Қандай жағдай болса да зорлық көрсеткен адам кінәлі. Заң алдында жауап беруі тиіс. Біздің қоғамның «ұяты» өте жоғары. Қоғамның өзі қыздардың зорлануларына жол беріп отыр. Ал енді қорлық көрген қыздардың жай-күйіне тоқталсақ, бұл – үлкен трагедия. Өздерін осы қайғы теңізінен алып шығып, өмірін өз қолына алатындар бар. Алайда алып шыға алмайтындар да қаншама?! Өмір бақи ішінен өздерін кінәлап, өмірден өз орындарын таба алмай, отбасылық өмірде жолы болмайтындар да жетерлік. 1 жыл, 5 жыл, 15 жыл жыл өтсе де ішіңдегіні шығар. Қанша уақыттың өткені маңызды емес, зорлықтың аты – зорлық. Жараңазды емдеуге асығыңыз. Психологтарға барып, терапиялардан өтіңіз. Сізді зоралаған адамды жазаға тартыңыз. Зорлық-зомбылық қайдан шығады? Қыз баласын құрметтемеген елден шығады. Бізде гендерлік теңсіздік әлі де бар. Кейбір отбасылар ер баланы «құрметтеп» емес, «асқақтатып» өсіреді. Бала өмірге келгенде бірден қалыптасып тумайды. Оны қалыптастыратын отбасы және қоғам. Зорлықты қызды төмен сатыдағы «жыныс иесі» деп өскен еркек жасайды. Себебі ол үшін қыз баласында ешқандай қадір-қасиет жоқ. Зорлық-зомбылықтың астары өте тереңде жатыр. Оны бір пікірде айтып біту мүмкін емес. Тек халықтың зорланған қыздарға деген көзқарасы өзгерсе екен. Олар тағдырының басқа арнаға бұрылғанына кінәлі емес.

Елігімай Төнкер

фото: flomaster.club

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Көкшетауда  «Ер намысы — Ел намысы – 2024» қалалық байқауы өтті

"Достар" мәдениет сарайында погондағы ер азаматтар арасында "Ер намысы — Ел намысы-2024" атты қалалық байқауы өтті. Жыл сайын өткізілетін...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img