Ақмола облысының бас санитары Айнагүл Мусина әлемдегі эпидахуалмен қоса маймыл шешек ауруы және менингококк бойынша эпидемиологиялық жағдай ушығып тұрғанын мәлімдеді. Дүниежүзінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар күн санап өсуде. Айталық, өткен тәулікте covid-тің 789732 жаңа жағдайы тіркелді, өсім 0,1%-ды құрайды. Қазақстан Республикасы бойынша өткен тәулікте 2684 жағдай тіркелді. Ақмола облысында сары аймаққа өтуге себеп әзірге жоқ, бірақ қауіп бар. Өйткені, шілде айының өзінде 809 жағдай тіркелген.
Індеттің алдын алудың ең тиімді жолы вакцина мен ревакцинация екенін Айнагүл Мусина халықтың есіне тағы бір мәрте салды.
«Егу науқаны басталғаннан бері бірінші компонентті 362 286 адам қабылдаған, бұл тиісті халықтың 75,6%-ын құрайды. Екінші компонентпен 349 553 адам егілді, тиісті контингенттің жалпы саны 73% . 2021 жылдың соңынан бері 159906 адам ревакцинацияланды, бұл тиісті тұрғындардың 63,2%-ы, ҚР бойынша 69%»-, деді бас санитар. Елімізде ревакцинация мен қайта ревакцинацияны егу бойынша Ақмола облысы әзірге бірінші орында.
COVID-19 әлемді сергелдеңге салғаны аздық еткендей, тағы маймыл шешегі мен менингококк инфекциясымен сырқаттанушылар күн санап көбеюде.
Айталық, маймыл шешегі, яғни-қызба, жалпы интоксикация және экзантеманың пайда болуымен сипатталатын сирек кездесетін жұқпалы ауру. Симптомдары: қызу көтерілу, дененің ауыруы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бастың айналуы. Бұл ауру түрін жабайы жануалар мен кеміргіш іспеттес ірі жәндіктер тасымалдайды. Сондай-ақ, ауру малдың етін жеу арқылы немесе науқас адаммен байланысқа түсу арқылы жұқтыруға да болады. Бүгінде Қазақстан Республикасында маймыл шешек ауруына күдікті бірде-бір жағдай тіркелген жоқ.
Ал, менингококк инфекциясы – ми мен жұлын мембраналарының қабынуы. Бұл өте қауіпті аурулардың бірі. Сол себепті, халықты сақтық шараларын қатан ұстануға шақырды Айнагүл Мусина.
«Сондай-ақ, республикада серозды менингиттің 303 жағдайы тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 235 жағдай. Ақмола облысында бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша менингококк инфекциясы, іріңді менингит жағдайлары тіркелмеген. Бірақ Зеренді (1 жасөспірім), Сандықтау (14 жасқа дейінгі 1 бала), Шортанды (1 жасөспірім) қалаларында вирустық этиологиядағы серозды менингиттің 3 жағдайы тіркелген»-, деп мәлімдеді Ақмола облысының бас санитары.
Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін бетперде тағып жүру қажет. Сондай-ақ, суға шомылу барысында да инфекция жұқтыру қаупі жоғары. Халық барынша абай болуы қажеттігін айтты денсаулық сақтау департаменті.
«Түрлі аурулардың алдын алу үшін алдымен, қолды сабынмен уақтылы және мұқият жуып отыру қажет. Сондай-ақ, қарапайым гигиена ережелерін ұстанып жүрген абзал. Тұтынып жүрген тағамдардың мерзімі мен құрамына мән берген жөн. Көкөністер мен жемістерді де мұқият таңдау қажет. Көше жануарларынан да аулақ жүруге тырысыңыз. Адам баласының басты байлығы-денсаулық. Осындай қарапайым істерді әдетке айналдыру арқылы ғана ауру-сырқаудан аман қала аламыз»-, деп аяқтады сөзін Айнагүл Мусина.
Камила Әбделманова
Фото автордікі