Тәуелсіздік жылдары өңірдің денсаулық сақтау жүйесі қарқынды дамып келеді. Саланы жаңғыртуға көп көңіл бөлінуде. Соңғы 5 жылда облыста 10 жаңа нысан салынды. Биыл Қосшы ауылында 100 адам қабылдайтын жаңа емхана, Қараөткел ауылындағы дәрігерлік амбулатория және Целиноград ауданы Қоянды ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығын іске қосу жоспарлануда, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде қуаттылығы 630 төсектік көпбейінді облыстық аурухана салу жоспарланған. Ол үшін облыс орталығында барлық қажетті инженерлік және коммуникациялық желілері бар 17 га жер учаскесі бөлініп, нақты жоспар бекітілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, жекеше серіктес Көкшетауда оңалту орталығының, Бестөбе кентінде бір ауысымда 50 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысын және Көкшетаудағы №1 қалалық емхананың ересектер мен балалар бөлімшесі ғимараттарының арасындағы өткелді құруды бастады.
Степногорск қалалық емханасын қайта құру және жаңғырту аяқталды.
Сондай-ақ 76 денсаулық сақтау нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, тағы 6 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Жалпы, медицина ұйымдарының жабдықталуы 75% – ға дейін ұлғайды.
«Облыстың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен соңғы бес жылда 2 885 бірлік медициналық жабдық алынды, оның ішінде биылғы жылы 156 жабдық: компьютерлік томограф, рентген аппараттары және басқа да жабдықтар сатып алынды» – деп, толықтырды облыстық ведомстводан.
Айта кетейік, өңірде 562 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді: стационарлық көмек көрсететін 23 ұйым және амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 531 ұйым, оның ішінде: 377 медициналық пункт, 47 ФАП, 100 дәрігерлік амбулатория, 6 емхана, 1 АМСК орталығы және басқа да ұйымдар.