Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова мен адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова көкшетаулық қоғам белсенділерімен кездесті. Жиын барысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң талқыланып, отбасы институтын бекітуге қатысты ұсыныстарды қабылдады,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ, фото Берік ЕСКЕНОВ
Кездесуге ұлттық және өңірлік комиссия мүшелері, қоғамдық кеңес мүшелері, білім, денсаулық сақтау, қоғамдық даму, жұмыспен қамту басқармаларының және жергілікті полиция департаментінің басшылары қатысты.
Жұмыс тобының жетекшісі ретінде жиынды ресми ашқан облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова алғы сөзінде отбасы құндылығын сақтап қалуда бірқатар мәселелердің туындағанын атап өтті. Оның айтуынша, жас ұрпақтың санасына отбасындағы тәрбие мен қалыптасқан режим тікелей әсер етеді. Сондықтан қоғам отбасындағы орын алып жатқан зорлық зомбылыққа бей-жай қарамауға тиісті. Бұл тұрғыда аталған заң жобасының рөлі маңызды.
Депутат әзірленіп жатқан заң жобасы қоғамда резонанс тудырғанын атап өтті.
Бұл заң жобасының басты мақсаты – зорлық-зомбылықты жою және алдын алу. Жаңа заң жобасы бірінші кезекте құқықтық сенімділік қағидатына сәйкес келуі және түрлі пікірлер тудырмауы тиіс. Барлық сындарлы ұсыныстар назарға алынады. Отбасының амандығы мен қауіпсіздігі, отбасы негіздерінің мызғымастығы – біздің қоғамның басты құндылығы. Бүгінде бұл заң жобасы қызу талқылану үстінде. Ел тұрғындары аталған заң жобасының кейбір тұстарымен келіспейтіндіктерін айтып, бас көтерді. Сол себепті де біз халық арасындағы ұсыныстарға мән беріп отырмыз», – деді Лаззат Рамазанова.
Ал, Эльвира Әзімова өз кезегінде, қоғам өкілдерінің заң жобасын белсенді талқылауы барлық тараптар үшін қажетті нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті
Отбасылық-тұрмыстық зорлық – зомбылықтың алдын алу және оған ден қою жөніндегі заңнамалық нормалар бүгінде тек еуропалық елдерде ғана емес, сондай-ақ көптеген шығыс елдерінде – БАӘ, Малайзия, Сингапур және басқаларында да қолданылады. Әйелдердің, отбасы және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік. Адам-мемлекеттің басты байлығы. Отбасылық зорлық-зомбылық жағдайлары өкінішке орай, еліміздің әр аймағында болып жатыр. Сондықтан маниторинг жасауды күшейтіп, қауіптің алдын алу қажеттілігі туындап отыр,-дейді Эльвира Әзімова.
Аталған заң жобасы мен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысына көкшетаулық қоғам өкілдері де үн қосып отыр.
Жиын барысында сөз алған отставкадағы судья Ғайша Сыздықова өз тәжірбиесінде отбасы мәселелеріне қатысты істер көп кездескенін айта келе, заң жобасын әзірлеуде қоғамдық тәртіпті қадағалау органдарының пікірін де ескеру туралы ұсыныс айтты.
Ал, Көкшетау қаласы «Аналар үйінің» директоры Құралай Жұмабекованың пікірінше, отбасындағы жанжалдан көбінесе кәмелет жасына жетпеген балалар жапа шегеді.
Отбасындағы жанжалдан ең әуелі бала жапа шегеді. Ол аздай баланы отбасынан алып кетсе, уақытша ұстаса немесе ата-анасын жазалап, құқығынан айырса да, бәрібір балаға ауыр тиеді. Сондықтан бұл заң жобасы бала құқығына, оның психологиясына бағытталу керек. Баланың тағдырына қатысты алгаритмдер дайындалу керек,-дейді Құралай Жұмабекова.
Лаззат Рамазанова, өз кезегінде, заң жобасын талқылауға сарапшылар, қоғамдық ұйымдар, ел өңірлеріндегі дағдарыс орталықтарының өкілдері қатысып жатқандығын жеткізді. Барлық сындарлы ұсыныстар назарға алынады деді ол жиын соңында.
Еске сала кетсек, 2021 жылғы 21 қаңтарда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық пікірлерді ескеру мақсатында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу жөніндегі жоспарланған шараларды жұртшылықпен кеңінен талқылауды тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ел өңірлерінде Отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңнамалық нормаларды жетілдіру жөніндегі жұртшылықтың ұсыныстарын талқылау бойынша халықпен кездесулер басталды.