Көкшетау қаласы Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығында латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің 6-шы нұсқасы талқыланды. Оған жергілікті тіл мамандары, оқытушылар және ғалымдар қатысты,- деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
ҚР президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың жаңа әліпбиді жетілдіру жұмыстарын қорытындылау жөніндегі тапсырмасына сәйкес Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жоғары және арнаулы оқу орындарының филолог мамандарының қатысуымен ашық талқылау өткізді.
2017 жылдан бері орфографикалық, әдістемелік, терменологиялық, LT-сүйемелдеу жұмыс тобы латын графикасының осымен 6-шы нұсқасын осынып отыр.
Жиында С-әрпін әлібиге енгізу керек пе, енгізілген жағдайда С-дыбысы мен Ч-дыбысын белгілеген дұрыс па деген мәселеде тіл мамандары бұл әріптердің өзара қосындысын бірауыздан S таңбасы арқылы беруді құптады. Яғни S-дыбысымен белгіленсе, Ц-дыбысымен жазылатын 1569 шетілдік сөз қазақшаланады.
Сонымен қатар ұсынылған әліпбидегі I-i мен Ii-мен и таңбалары ұқсас болғандықтан шатыстырмас үшін И и-дыбысын Jj-мен, ал Zz-мен белгілеуді құптайсыз ба деген сұрақты да жан жақты қарастырды. Кирилдегі Й мен И дыбыстарына ортақ бір таңба берілсе, сөздердің айтылу нормасына нұқсан келмейтіндігі айтылды. Ал, И таңбасын І таңбасымен беруде де мән бар, себебі термин сөздер халықаралық тұрпатқа ұқсас болады. Мысалы piramida, respublika.
Шоқан Уәлиханов атындағы КМУ-дің аға оқытушысы Мусин Лайс жаңа әліпбидегі Ŋ әрпінің дыбысталуы ңы болып белгіленгенін құптамайтынын айтты.
– Қазақ дыбысталуында ңы деген болмайды, сол себепті ың болғанын дұрыс деп есептеймін. Ŋ таңбасы мұрын жолды, қолды үзбей жазуға қолайлы әрі жолүсті таңбаларын көбейтпейді. Біздің қазақ тіл ғылымында таңбаның айырықша орны бар.Бұл әріпті онсыз да орыс тілділер айта алмай келді. Сондықтан оның нақты нұсқасы дұрыс берілгені жөн,-деді Мусин Лайс.
Сонымен жаңа әлипбиде 31 әріп бар. Бұрынғы кирил нұсқасындағы Ә, Ө, Ү-әріптері умлаут, Ғ-әрпі бревис, Ұ-әрпі макрон, Ш-әрпі седиль диакритикалық таңбасы арқылы берілген. Бұл диакритикалардың өз қызметі бар. Сөйтіп, дауысты дыбыс таңбасына умлаут, жуан дауысты дыбысына макрон, ұяң дауыссызына бревис, ызың дауыссызына седиль алынған.
– Жетілдірілген әліпбидің осы нұсқасында жіңішке дауысты дыбыстарға (Ә, Ө, Ү) умлаут диакиритикалық белгісінің қойылуы, сондай-ақ әліпбиде У, Ұ және Ү дыбыстарының бірінен соң бірінің қойылуы реті мен макрон және умлаутпен алынуы дұрыс деп есептеймін. Осы әріптерді ажырата білу мен жазуда да ыңғайлы. У, И таңбалануы халықаралық үлгідегі нұсқасы мен көршілес елдердің үздік тәжірибесі ретінде седильмен алыну да құптарлық,- дейді Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Әсемгүл Қарсабаева.
Латын әліпбиіне көшу заман талабы. Жазу арқылы халықтың ой-санасы дамып, өркениетке аяқ басады.
– Біз қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге асқан жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Бұл дегеніміз ағылшынның әріптерін қоя салу деп түсінбей, өз тіліміздің табиғатын сақтайтындай етіп жасағанымыз дұрыс. Ол үшін әрбір графеманың тілдегі қызметін терең түсіне отырып, тіліміздің әуені мен әуезін бұзбайтындай етіп, халыққа тиімді әрі оңай игеретіндей әліпби жасалды деп ойлаймын. Латын әліпбиіне көшіру ұрпақтың қамы,-деді Ақмола облыстық оқу әдістемелік орталығының басшысы Қаратай Төлекеев.
Жиын соңында мамандар Ww, Хх,С таңбалары тек пернетақтада орналасуы қажет пе деген мәселе бойынша қарсылық білдірмейтіндерін жеткізді. Бұл әріптер ұлттық әліпбиімізде болмағанмен, халықаралық сөздерде таңбаланады.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ