spot_img
Дүйсенбі, Наурыз 23, 2026
3.2 C
Kokshetau

Мыңдаған қонақтан кейінгі Наурыз: Көкшетаулықтар Тазару күні экоакциясына шықты

Сондай-ақ...оқыңыз

23 наурыз – Наурызнама онкүндігінің қорытынды күні, символдық мәні зор Тазару күніне орай Көкшетау қаласында «Таза ел – біздің қолымызда» атты экологиялық акция өтті. Таңертең ерте қаладағы «Жаңа жағалау» аумағына эковолонтерлер, жастар белсенділері және қоғам өкілдері жиналып, мерекелік іс-шаралардан кейінгі аумақты тазартуға кірісті.

Биыл дәл осы жағалауда Көкшетаудағы Наурыз мейрамының негізгі думаны өткен болатын. Мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтар отбасыларымен келіп, концерттік бағдарламаларды тамашалап, ұлттық ойындарға қатысып, дәстүрлі тағамдардан дәм татты. Бір күнге бұл аумақ халықтық мерекенің үлкен ашық алаңына айналды.

 

Алайда Наурызнама дәстүрі мерекені нақты істермен жалғастыруды көздейді. Онкүндіктің соңғы күні – Тазару күні – тазалық пен жаңарудың белгісі. Бұл күні адамдар өз үйлерін, аулаларын, көшелері мен қоғамдық орындарды ретке келтіреді. Сондықтан халықтық мерекеден кейінгі күні жастар мен еріктілер жағалауға қайта жиналып, оның тазалығы мен көркін қалпына келтіруге белсене атсалысты.

Шамамен екі жүзге жуық адам серуендеу аймағы бойына бөлініп, қоқыс жинап, көгалдар мен жағалау сызығын тазалады. Жұмыс ұйымдасқан түрде, жүйелі жүргізілді. Қатысушылар аумақтың бір бөлігінен екінші бөлігіне жылжып отырып, жағалауды толық ретке келтірді. Көпшілік үшін бұл игі іс Наурызды мағыналы түрде аяқтаудың, жақсылықпен қорытындылаудың бір көрінісіне айналды.

«Тазару күні – Наурызнама онкүндігінің маңызды бөлігі. Ол жаңару мен қоршаған ортаға деген жауапкершілікті білдіреді. Кеше жағалауда ауқымды мерекелік іс-шаралар өтті, ал бүгін қала жастары мен тұрғындары тазалық жұмыстарын жүргізуге шықты. Бұл – мерекені нақты істермен жалғастырудың жарқын үлгісі», – деп атап өтті Көкшетау қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Аянбек Халийханұлы.

Экологиялық бастамаға әсіресе жастар белсенді қатысты.

«Кеше бұл жерде адам өте көп болды, үлкен мерекелік шаралар өтті. Бүгін біз келіп, аумақты тазалауға көмектесуді жөн көрдік. Бұл – біздің қаламыз. Өзіміз осы жерде демаламыз, серуендейміз. Сондықтан мұндай орындардың таза болуы маңызды. Достарымызбен бірге осындай іске қатысу – пайдалы іс жасап жатқанымызды сезіндіреді», – деді UNICEF еріктісі Даниял Жагупаров.

Осылайша, Наурызнама онкүндігін қорытындылаған Көкшетау тұрғындары жаңару мен тазалық әрбір адамның қарапайым, бірақ маңызды әрекеттерінен басталатынын іс жүзінде көрсетті.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Салық реформасы мен цифрлы қызметтер: Қаржы министрлігі бизнеспен және халықпен диалогты күшейтіп келеді

Қазақстанның Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексін енгізу мен басқару ісін цифрлы экожүйенің аясында дамыту бағытындағы кешенді жұмысты жалғастырып жатыр....
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Banner
Яндекс.Метрика