Еліміздегі референдум учаскелерінің ешқайсысында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілеріне жол берілмеді. Бұл туралы «Референдум – 2026» онлайн-марафоны аясында ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев хабарлады.
Фото: ҚР ІІМ
– Бүгін полиция қызметкерлері еліміз бойынша республикалық референдумның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті. ҚР ІІМ дауыс беру аяқталғаннан кейін де қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастырады. Сайлау комиссияларының, байқаушылардың қауіпсіз жұмыс істеуіне және азаматтардың өз таңдауын еркін түрде жасауына барлық жағдай жасалды,-деді ол.
Сондай-ақ ресми өкіл еліміздегі 10 мыңнан астам референдум учаскесінің ешқайсысында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілеріне жол берілмегенін, қазіргі уақытта учаскелерде дауыстарды санау жұмыстары жүріп жатқанын мәлім етті.
-Жағдай тұрақты және полицияның толық бақылауында. Дауыстарды санау аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлері бюллетеньдер мен хаттамаларды өңірлік комиссияларға қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етеді», – деді спикер.
Осыған дейін барлық референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталғаны туралы жаздық.
https://kaz.inform.kz/news/referendumda-oreskel-tartp-buzu-faktler-bolgan-zhok-m-ca0784/



