«Жастар ресурстық орталығының» басшысы және Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Ермеков Дастан жаңа Конституция жобасы жастар үшін маңызды тарихи қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, құжат мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғыртып, демократиялық даму мен әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған.
«Бүгін еліміз маңызды әрі жауапты кезеңді бастан өткеріп отыр. Жаңа Конституция жобасы – мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғыртып, елді демократияландыруға және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған тарихи маңызы бар қадам», – деді Ермеков Дастан.
Ол Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдерін жетілдіру және басқару жүйесін заман талабына сай жаңарту екенін айтты.
«Бұл өзгерістер еліміздің тұрақты дамуына және қоғамдық келісімнің нығаюына берік негіз қалайды», – деп атап өтті ол.
Ермеков Дастан жастар саясаты тұрғысынан реформалардың ерекше мәнге ие екенін де атап өтті.
«Жастар – елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Жаңа Конституция жобасында азаматтардың, соның ішінде жастардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған. Бұл жас буынның қоғамдық өмірге белсенді қатысуына, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына және азаматтық бастамаларын жүзеге асыруына кең мүмкіндік береді», – деді ол.
Сонымен қатар ол еліміздің жастарының білімді, бастамашыл және жауапкершілікті сезінетін буын ретінде қалыптасып келе жатқанын айтты. Конституциялық өзгерістер олардың әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Алдағы референдум – әрбір қазақстандық үшін, әсіресе жастар үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін тарихи сәт. Бұл еліміздің болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың өз таңдауын жасап, мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындайтын маңызды кезең», – деді Ермеков Дастан.
Оның пікірінше, әрбір жас қазақстандық ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысып, өз азаматтық ұстанымын білдіруі қажет.
«Бүгін қабылдайтын шешім – ертеңгі Қазақстанның қандай болатынын айқындайды. Сондықтан әрбір жас қазақстандық өз азаматтық жауапкершілігін көрсетуі тиіс», – деп қорытындылады ол.



