11-наурыз күні Астанада Парламент депутаттары, саясаттанушылар, академиялық қауымдастық өкілдері, журналистер мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» атты сарапшылар алаңы өтті. Іс-шара барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін және орнықты мемлекеттің институционалдық архитектурасын қалыптастыруға бағытталған өзгерістерді талқылады.
Талқылау аясында білімге негізделген қоғамды дамыту, білім беру жүйесін жетілдіру, инновацияларды қолдау және азаматтардың цифрлық құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері ерекше назарда болды.
✔️ Bilim Group компаниясының негізін қалаушы әрі жетекшісі, халықаралық «Қазақ тілі»қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы Конституция қоғамның құндылықтарын айқындайтын стратегиялық құжат екенін атап өтті.
Оның айтуынша, қазіргі әлемде экономикалық өсімнің басты көзі табиғи ресурстар немесе капитал емес, білім мен адам капиталы болып отыр.
«Конституция– тек құқықтық нормалардың жиынтығы емес. Ол қоғам қабылдаған құндылықтардың көрінісі және ұлттың болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Бүгінде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі білім мен зияткерлік әлеуетке тікелей байланысты», – деді сарапшы.



