Ақмола облысында жаңа Конституция жобасын талқылау жалғасып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер елдегі демократиялық институттарды нығайтып, әділетті мемлекет қағидаттарын дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Алимбетова жаңа Конституция жобасы Қазақстандағы саяси және қоғамдық жаңғырудың маңызды кезеңімен байланысты екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы – еліміздегі демократиялық институттарды одан әрі нығайтуға және әділетті мемлекет қағидаттарын дамытуға бағытталған маңызды қадам. Бүгінде Қазақстан саяси және қоғамдық жаңғырудың жаңа кезеңін бастан өткеріп отыр. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, оның тиімділігін арттыруға және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған», – деді ол.
Оның айтуынша, конституциялық өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа әрі тиімді үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Ұсынылып отырған өзгерістер қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтіп, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттырады. Сонымен қатар мемлекеттік институттардың халық алдындағы жауапкершілігін нығайтады. Бұл өз кезегінде тұрақты әрі заманауи саяси жүйенің қалыптасуына негіз болады», – деді Алимбетова.
Сондай-ақ ол азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту маңызды екенін айтты.
«Әсіресе азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюі ерекше маңызға ие. Бұл қоғамның ашықтығын арттырып, әрбір азаматтың пікірі ескерілетін әділетті орта қалыптастыруға ықпал етеді. Мемлекеттік шешімдердің қоғамдық мүддені ескере отырып қабылдануы – дамыған демократиялық қоғамның негізгі белгілерінің бірі», – деді ол.
Спикердің айтуынша, «AMANAT» партиясы үшін әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, өңірлердің дамуын қамтамасыз ету және халықтың өмір сапасын арттыру басым бағыт болып қала береді.
«Жаңа Конституция жобасын қолдау – әділетті әрі қуатты Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам. Ұсынылып отырған реформалар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, елдің тұрақты дамуына негіз болады», – деп түйіндеді Ақманат Алимбетова.
Сарапшылардың пікірінше, азаматтардың конституциялық өзгерістерді талқылауға белсенді қатысуы елдің болашағы үшін маңызды.



