spot_img
Дүйсенбі, Наурыз 9, 2026
-16.8 C
Kokshetau

Жаңа Конституция: сапасыз білім мен медицина үшін сотқа жүгінуге болады – Мұрат Әбенов

Сондай-ақ...оқыңыз

Депутат жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістерді түсіндірді.

Жаңа Конституция жобасында халықаралық шарттар мен ұлттық заңнаманың арақатынасына қатысты маңызды өзгерістер ұсынылып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бұл түзетулердің басты мақсаты – елдің құқықтық және экономикалық мүддесін қорғау, сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік құқықтарын нақты кепілдікпен қамтамасыз ету.

Халықаралық шарттар мен ұлттық заң: жаңа тәртіп

Депутаттың пікірінше, қазіргі қолданыстағы Конституциядағы ең үлкен мәселелердің бірі – халықаралық келісімдердің ұлттық заңдардан жоғары тұруы.

Бұрынғы Конституциядағы ең негізгі қателіктің бірі – халықаралық шарттар біздің заңнан және Конституциядан жоғары болды. Әрине, ол дұрыс емес. Кейбіреулер білмейді, бірақ экономика саласына өте көп зиян келтіріп жатыр, – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.

Оның пайымдауынша, халықаралық келісімдерде құрылыс, салық және түрлі төлемдерге қатысты экономикалық стандарттар бекітіледі. Мұндай нормалар кей жағдайда Қазақстан азаматтарына тиімсіз болуы мүмкін.

Халықаралық келісімге қол қоямыз, оның ішінде үй салу, салық, төлемдер бойынша талай экономикалық стандарттар бар. Осыдан көптеген азамат зиян шегеді. Бір мемлекетке бәлкім бұл пайдалы шығар, ал бізге зиян, – дейді депутат.

Сондықтан жаңа Конституция жобасында құқықтық басымдықтың реті өзгереді. Енді ең алдымен Қазақстанның Конституциясы мен ұлттық заңдары басшылыққа алынады.

Сол себептен жаңа Конституцияда бірінші кезекте Қазақстанның Конституциясы, заңы, ал халықаралық келісімдер біздің заңмен реттеледі деп өзгерттік. Кейін өзімізге керек жерін аламыз. Ол – маңызды, – деп атап өтті Мұрат Әбенов.

Шетел азаматтарының құқықтары: жаңа тәсіл

Жаңа Конституция жобасында тағы бір маңызды мәселе – Қазақстанға келген шетел азаматтарының құқықтық мәртебесіне қатысты нормалар.

Депутаттың айтуынша, бұрынғы Конституцияда шетел азаматтары Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде көптеген әлеуметтік қызметтерді пайдалана алатыны жазылған.

Кезінде былай деп жазылған. Шетелдің азаматы Қазақстанға келсе, Қазақстанның бүкіл құқықтарын пайдалануға болады. Біздің азаматтарға қалай – оларға да солай. Тегін медицина, тегін білім, тегін ХҚКО, барлық қызмет тегін, – дейді ол.

Алайда қазіргі жағдайда бұл норма ел экономикасына қосымша салмақ түсіруі мүмкін.

Кезінде адам аз келген шығар. Қазір елімізге жылына 6,5 млн адам келеді. Біз өзіміз жұмыс істеп жүрген 7-ақ млн адамбыз. Әрине, бұл бізге тиімсіз. Оны да алып тастап жатырмыз, – дейді Мәжіліс депутаты.

Жаңа Конституцияда мұндай мәселелер екіжақты келісімдер арқылы реттелуі ұсынылады.

Бұл қарым-қатынастар кез келген шетел азаматына екіжақты келісіммен бөлу керек. Егер ол жаққа барғанда біздің азаматтарға сондай тегін жағдай жасалса, қарастыруға болады. Бұл – әділдік, – деді Әбенов.

Мұрат Әбеновтің сөзінше, Қазақстан азаматтары мемлекет алдында белгілі бір міндеттер атқарады.

Себебі біздің азаматтар салық төлейді, әскерге барады, заңды орындайды. Бірақ шетелден келген адам не үшін келгенін білмейміз, біздің орнымызда жұмыс істеп жүр. Тапқан ақшасын шетелге жібереді. Жаңа Конституция осыны реттейді, – дейді депутат.

Мемлекеттің әлеуметтік кепілдігі күшейеді

Жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты тағы бір маңызды өзгеріс ұсынылып отыр. Ол – мемлекет жауапкершілігінің нақты бекітілуі.

Мұрат Әбенов қазіргі Конституцияда азаматтардың кей құқықтары нақты кепілдікпен қамтамасыз етілмегенін айтады.

Қазіргі Конституцияда былай жазылған: менің құқығым бар, бірақ мемлекет оны орындауға кепілдік бермейді, – дейді ол.

Мысалы, білім алу құқығы көрсетілгенімен, оның сапасына қатысты талаптар нақты айтылмаған.

Білім алуға құқық бар, бірақ сапасы қалай, айтылмаған. Сол себепті ұрлық көбейді, – дейді депутат.

Ал жаңа Конституцияда мемлекет азаматтардың негізгі әлеуметтік құқықтарына нақты кепілдік беретін норма енгізілмек.

Жаңа Конституцияда мемлекет кепілдік береді, – дейді ол.

Депутаттың айтуынша, медицина саласында да осындай өзгерістер қарастырылған.

Ауырып қалсаң да медицинаға еш кепілдік болмайтын. Жаңа Ата заңда мемлекет азаматтардың денсаулығына кепілдік береді деп жазылды, – дейді Мұрат Әбенов.

Бұл норма алдын алу медицинасының дамуына да ықпал етеді.

Сол арқылы мемлекет алдын ала азаматтардың денсаулығын қарайды. Ауылдық жерлерге қайтадан емханалар салынып, мамандар тартылады. “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” деген деңгейге жеткіземіз, – деп түсіндірді депутат.

Халықаралық келісімдер енді Парламентте талқыланады

Жаңа Конституция жобасында халықаралық міндеттемелерді қабылдау тәртібі де өзгереді. Бұл процесте ашықтық пен жариялылық күшейтілмек.

Мұрат Әбеновтің айтуынша, бұдан былай халықаралық келісімдер міндетті түрде Парламент қарауына ұсынылады.

Мемлекет енді халықаралық келісімдерді кім қол қойса да міндетті түрде Парламентке келеді, ол заң ретінде қарап, ресми түрде талқылауға міндетті, – дейді ол.

Яғни кез келген халықаралық келісімшарт бір адамның қол қоюымен ғана күшіне енбейді.

Оны біреу келісімшартқа қол қойды деп, біз бірден қабылдап пайдаланбаймыз, – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Жаңа Конституция жобасы бойынша AI-платформа таныстырылды

Елімізде «Халықтық Конституция қарапайым сөздермен» деп аталатын цифрлық платформа іске қосылды. Жобаны «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әбутәліп...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Banner
Яндекс.Метрика