Ақмола облысында жаңа Конституция жобасына қатысты сарапшылар пікір білдіруде. «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Берік Қайдарұлы Әбділмановтың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер елдің саяси жүйесін жаңғыртуға және мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Оның пікірінше, бастама мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, әділетті әрі жауапты басқару жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Жаңа Конституцияның жобасы – еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды тарихи қадам. Бұл бастама мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, әділетті әрі жауапты басқару жүйесін қалыптастыруға жол ашады», – деді Берік Әбділманов.
Сарапшының айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ билік тармақтарының теңгерімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Бұл, ең алдымен, еліміздегі демократиялық институттардың дамуына және халықтың мемлекеттік басқару ісіне кеңірек қатысуына мүмкіндік береді», – деді ол.
Берік Әбділманов Конституция мемлекет дамуының негізгі бағытын айқындайтын басты құжат екенін атап өтті.
«Конституция – мемлекетіміздің негізгі құжаты ғана емес, ел болашағының берік іргетасы. Сондықтан оны жетілдіруге бағытталған бастамаларды қолдау – әрбір саналы азаматтың ортақ жауапкершілігі деп санаймын», – деді ол.
Сонымен қатар ол алдағы референдумның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл – азаматтардың ел болашағына қатысты өз таңдауын білдіретін маңызды кезең.
«Алдағы референдум – халықтың өз таңдауын білдіретін маңызды сәт. Әрбір қазақстандық елдің ертеңіне бейжай қарамай, осы тарихи кезеңде өз азаматтық ұстанымын танытады деп сенемін», – деді Берік Әбділманов.
Сарапшының пікірінше, жаңартылған Конституция елдің тұрақты дамуына, қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің нығаюына ықпал етеді.



