Қазақстан қоғамы жаңа тарихи кезеңге қадам басып отыр. Ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған маңызды бастама ретінде бағалануда.
Ақмола облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі, эко-амбассадор Еділ Айшұқтың айтуынша, конституциялық өзгерістер қоғамдағы сұранысқа жауап береді.
«Ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Бұл өзгерістер билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейтіп, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтып, еліміздің демократиялық дамуының жаңа кезеңін айқындайды», – деді ол.
Оның пікірінше, бұл реформалардың жастар үшін маңызы ерекше.
«Болашақ Қазақстанның дамуы білімді, белсенді және жауапты жас ұрпақтың қолында. Жаңа Конституция жобасы жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына және өз әлеуетін толық іске асыруына кең мүмкіндіктер береді», – дейді Айшұқ Еділ Жұмабекұлы.
Сондай-ақ ол білім беру және жастар саясаты саласында еңбек ететін маман ретінде бұл өзгерістер ел болашағына оң әсер ететініне сенімді екенін атап өтті.
«Конституция – мемлекеттің іргетасы. Оның жаңаруы қоғамның жаңаруымен және жаңа мүмкіндіктердің ашылуымен тікелей байланысты. Сондықтан жаңа Конституция жобасын қолдау – еліміздің тұрақты дамуына, әділетті қоғам құруға және болашақ ұрпаққа берік мемлекет қалдыруға бағытталған жауапты таңдау», – деп түйіндеді ол.



