Жаңа Конституция қоғамдағы келісім мен заң үстемдігін нығайтады – медиация кеңесінің төрағасы

0
17

Қазақстанда ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы елдің саяси жүйесін жетілдіруге және құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Мұндай пікірді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Гульнара Мадиева білдірді.

Оның айтуынша, Конституция кез келген мемлекеттің құқықтық іргетасы болып саналады, сондықтан оны жаңарту қоғам дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Конституция – мемлекеттің негізгі құқықтық тірегі. Оның жаңаруы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Ұсынылып отырған өзгерістер заң үстемдігін нығайтып, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді арттыруға бағытталған», – деді Мадиева.

Сарапшының пікірінше, қоғамдық келісім мен өзара түсіністік – тұрақты дамудың басты шарттарының бірі.

«Медиация саласының өкілі ретінде қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді сақтау ерекше маңызды екенін атап өткім келеді. Бүгінде медиация институты дау-дамайларды өркениетті түрде шешуге, адамдар арасындағы сенімді арттыруға және қоғамдағы әлеуметтік келісімді нығайтуға ықпал етіп отыр», – деді ол.

Оның сөзінше, жаңа Конституция жобасы қоғамдағы өзара құрмет пен келісім қағидаттарын одан әрі нығайта түседі.

Сондай-ақ Гульнара Мадиева Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтаудағы рөліне тоқталды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдары қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарып келеді. Сондықтан жаңа Конституция жобасын қолдау – еліміздің болашағына, тұрақтылығы мен қоғамдық келісіміне бағытталған жауапты қадам», – деді ол.

Оның айтуынша, ел бірлігі, қоғамдық келісім және заң үстемдігі – Қазақстан дамуының басты құндылықтары.

«Жаңартылған Конституция осы құндылықтарды нығайтып, Қазақстанның одан әрі тұрақты әрі әділетті мемлекет ретінде дамуына берік негіз болады», – деп түйіндеді Мадиева.