spot_img
Бейсенбі, Наурыз 5, 2026
-0.8 C
Kokshetau

Ерейментауда «Қызылту» кәсіпорнының ұжымымен Конституцияға өзгерістер талқыланды

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы «Қызылту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде аудан әкімі Нұрлан Мұқатовтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін жаңа өзгерістер талқыланды.

Қара жер қойнауынан мыс өндіріп отырған еңбек ұжымының өндіріс алаңында бұл жолы өндірістік мәселелер емес, елдің болашағына қатысты маңызды тақырыптар қозғалды. Кәсіпорын қызметкерлерімен жүздескен аудан басшысы конституциялық реформалардың мәні мен маңызы туралы айтып, ашық пікір алмасуға шақырды.

Аудан әкімі Нұрлан Мұқатов Конституция – мемлекеттің негізгі тірегі әрі тәуелсіздіктің кепілі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғам дамыған сайын заңнаманы да заман талабына сай жетілдіру қажет.

«Ата Заң – мемлекеттің арқа сүйер алтын діңгегі, тәуелсіздігіміздің тұмары. Қоғам дамыған сайын талап та өзгереді. Сондықтан Конституцияға енгізілетін реформалар – бүгінгі күннің сұранысынан туған шешім. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – Әділетті Қазақстан құру, адам құқықтарын қорғауды күшейту және билік пен халық арасындағы жауапкершілікті нақтылау», – деді Нұрлан Мұқатов.

Кездесу барысында жаңа нормалардың азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтетіні, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің рөлін арттыратыны айтылды.

«Халық үні – мемлекеттің үні болуы тиіс. Конституция – қағаздағы құр сөз емес, ол әр азаматтың өміріне тікелей әсер ететін маңызды құжат», – деп атап өтті аудан әкімі.

Жиында заң үстемдігі, әлеуметтік әділдік және тең мүмкіндік мәселелері де кеңінен қозғалды. Спикердің айтуынша, мемлекет мықты болуы үшін ең алдымен оның азаматтары қорғалған болуы қажет.

Кәсіпорынның еңбек ұжымы да талқылауға белсенді қатысып, өз пікірлерін білдірді. Өндірісте шыңдалған жұмысшылар елдің ертеңіне бейжай қарамайтындарын айтып, тұрақтылық пен әділдік қарапайым еңбек адамы үшін басты құндылық екенін жеткізді. Ал бұл құндылықтардың негізі – берік Конституция екені атап өтілді.

Жиын соңында қатысушылар ашық пікір алмасудың маңызын атап өтті. Қазақтың «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген нақылын мысалға келтірген спикерлер елдік мәселелерді талқылауда әр азаматтың пікір білдіруі маңызды екенін айтты.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, Қызылтудағы кездесу қоғам мен билік арасындағы ашық диалогтың тағы бір көрінісіне айналды. Конституцияға енгізілетін өзгерістер елдің болашағына бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Олжас Бектенов Көкшетауда ЖЭО салу жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Президенттің энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, жаңа қуат көздерін арттыру және...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Banner
Яндекс.Метрика