Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы 2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдумға байланысты тіркелген жерінен тыс жерде болатын азаматтарға дауыс беру тәртібін түсіндірді.
Комиссияның мәліметінше, егер азамат дауыс беру күні өзінің тіркелген мекенжайынан тыс жерде болса, ол алдын ала есептен шығару куәлігін ала алады. Ол үшін 2026 жылғы 14 наурызда сағат 18:00-ге дейін өз учаскелік комиссиясына жазбаша өтініш беріп, жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуы қажет. Осыдан кейін комиссия есептен шығару куәлігін табыс етеді.
Есептен шығару куәлігін сенімхат негізінде өкіл арқылы да алуға болады. Бұл ретте сенімхатты нотариаттық куәландыру талап етілмейді.
Комиссия өкілдері есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда оның қалпына келтірілмейтінін және телнұсқасы берілмейтінін ескертті.
Сонымен қатар, бір елді мекен шегінде орналасқан басқа учаскеде дауыс бергісі келетін азаматтарға есептен шығару куәлігі берілмейді.
Дауыс беру күні азамат өзі болатын жердегі учаскеге барып, есептен шығару куәлігін көрсетуі тиіс. Осыдан кейін учаскелік комиссия оны дауыс беруге арналған тізімге енгізеді.
Қосымша ақпаратты азаматтар өз елді мекенінің әкімдігінің call-орталығы арқылы ала алады.
Орталық референдум комиссиясы әр азаматтың дауысы маңызды екенін атап өтті.



