Көкшетауда «Қоғамдық келісім» мекемесінің мәжіліс залында «Референдум үшін!» бірыңғай республикалық тақырыптық күні аясында мазмұнды кездесу өтті. Елдік маңызы бар бастаманы қолдауға арналған бұл іс-шара қоғам өкілдерінің басын қосып, ортақ пікір алаңына айналды.
Жиынға Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің, Аналар кеңесінің және Журналистер клубының төрағалары мен белсенді мүшелері қатысты. Кездесуді ашқан спикерлер референдумның мемлекет дамуы жолындағы стратегиялық қадам екеніне тоқталып, оның ел болашағына әсері туралы кеңінен ой қозғады.
–Референдумға азаматтардың қатысуы ерекше маңызға ие. Себебі дәл осы дауыс беру арқылы халық елдің болашағына деген өз көзқарасын білдіріп, оның конституциялық дамуына қатысты маңызды шешім қабылдайды. Бұл азаматтық жауапкершіліктің көрінісі әрі әрбір азаматтың ел болашағын айқындауға өз үлесін қосуына берілген мүмкіндік. Осыған байланысты референдумды өткізуді қолдайтынымызды білдіреміз,–деді қатысушылар тарапы.
Басқосу барысында қатысушылар референдумның маңыздылығын, оның қоғам өміріндегі рөлін және әрбір азаматтың белсенді қатысуы ел тағдырына бейжай қарамаудың айқын көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауда бірлік пен жауапкершіліктің мәні ерекше екені айтылды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Еркін әрі мазмұнды әңгіме өрбіген жиын ел дамуына қатысты ортақ көзқарасты нығайтып, азаматтық белсенділікті арттыруға серпін берді.
Іс-шара соңында қатысушылар алдағы уақытта да қоғам мүддесіне бағытталған бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізіп, референдумды қолдаудың маңызын тағы бір мәрте атап өтті.



