Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси науқан – ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды үдерістердің бірі. Мұндай жауапты сәттерде қоғам белсенділігі артып, азаматтардың саяси мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігі айқын көрінеді. Кез келген саяси науқанның басты мақсаты – мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайту, ашық әрі сындарлы диалог қалыптастыру және ел болашағына қатысты маңызды шешімдерді бірлесе қабылдау.
Осы тұрғыда референдумның орны ерекше. Референдум – халық еркін тікелей білдіретін, стратегиялық маңызы бар мәселелерді бүкілхалықтық талқылауға ұсынатын демократиялық құрал. Бұл – әр азаматқа мемлекет дамуының бағытына тікелей ықпал етуге мүмкіндік беретін маңызды тетік. Сондықтан референдумға қатысу тек конституциялық құқық қана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Саяси науқан кезеңінде ашықтық, әділдік және заң үстемдігі қағидаттарының сақталуы айрықша маңызға ие. Қоғамда әртүрлі пікірдің болуы – табиғи құбылыс. Ең бастысы – өзара құрмет пен парасатты ұстаным. Азаматтар ұсынылған бастамаларды жан-жақты саралап, байыпты әрі саналы шешім қабылдауы тиіс. Себебі бүгін қабылданған шешім – ертеңгі ел тағдырына ықпал ететін тарихи таңдау.
Редакция ұжымы оқырмандарды саяси үдерістерге бейжай қарамауға шақырады. Ақпаратты ресми әрі сенімді дереккөздерден алып, оны терең талдап, ой елегінен өткізу – дұрыс шешім қабылдаудың негізі. Қоғамдық келісім мен бірлік – кез келген бастаманың табысты жүзеге асуының басты кепілі.
Біздің ортақ мақсатымыз – тұрақты, әділетті әрі өркендеген Қазақстанды бірге құру. Осы жолда әр азаматтың үні, пікірі және таңдауы маңызды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Aqmola NEWS» сайтының редакторы.



