13 ақпанда Ақмола облысының білім беру ұйымдарында педагогтердің конституциялық сауаттылығын арттыруға бағытталған педагогикалық консилиумдар ұйымдастырылды. Іс-шаралар Мемлекет басшысының тапсырмаларын қолдау мақсатында өткізіліп, білім беру ортасында құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталды.
Атбасар қаласындағы «Аграрлық-индустриялық колледж» МКҚК-да әдістемелік іс-шараны колледж басшысының орынбасарлары Зардиева Валентина Александровна мен Омарова Гүлден Ахметжановна өткізді. Педагогтер жаңартылған Конституциядағы негізгі өзгерістерді және олардың білім беру жүйесі үшін маңызын талқылады. Кездесуде ұстаздың конституциялық құндылықтарды насихаттаушы ретіндегі рөліне, студенттердің бойында заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында Конституция нормаларын терең түсіну педагогтің азаматтық борышы ғана емес, оның кәсіби құзыреттілігінің маңызды бөлігі екені атап өтілді. Қатысушыларға конституциялық тақырыптарды оқу процесі мен тәрбие жұмысына енгізу бойынша әдістемелік ұсынымдар берілді.
Осындай мазмұндағы іс-шара Щучинск қаласындағы Жоғары техникалық колледжде де өтті. «Мұғалімнің конституциялық сауаттылығы және оның білім беру ортасына ықпалы» тақырыбындағы семинарды оқу орнының заңгері Турищевa Э.В. жүргізді. Семинар барысында педагогтің құқықтық мәдениеті, Конституция нормаларын білудің кәсіби қызметтегі маңызы және оның қолайлы білім беру ортасын қалыптастырудағы рөлі талқыланды.
Педагогикалық консилиумдар облыстың өзге де мектептері мен колледждерінде ұйымдастырылды. Іс-шаралар барысында педагогтерге Конституциядағы негізгі өзгерістер түсіндіріліп, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, білім берудің қоғамдық құндылықтарды нығайтудағы рөлі, сондай-ақ жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың практикалық тәсілдері талқыланды.
Кездесулер қорытындысында қатысушылар педагогтің конституциялық сауаттылығы сапалы білім берудің негізі әрі саналы, белсенді азаматтарды тәрбиелеудің маңызды шарты екенін атап өтті. Өткізілген іс-шаралар педагогикалық қауымдастықтағы құқықтық мәдениетті нығайтуға және білім беру ұйымдарында қолайлы, демократиялық орта қалыптастыруға ықпал етеді.



