spot_img
Сейсенбі, Ақпан 10, 2026
-1.8 C
Kokshetau

Ақмола облысында нарыққа бақылау күшейтілді: 300-ден астам тексеріс жүргізілді

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысында өнім сапасы мен өлшеу құралдарының дұрыстығын қадағалау жұмыстары күшейтілді. Өткен жылғы тексерулердің қорытындысын брифинг барысында Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департамент басшысы Ербол Оспанов мәлімдеді.

Жыл басынан бері өңірде 300-ден астам кәсіпкерлік нысан тексерілген. Тексеру барысында көптеген заңбұзушылықтар анықталған. Бақылау жұмыстары сауда орындарын, білім беру ұйымдарын, жанармай құю бекеттерін, сұйытылған газ сататын нүктелерді және басқа да маңызды салаларды қамтыды. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданып, кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Әсіресе өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына ерекше көңіл бөлінді. Бақылау кезінде кейбір тауарлардың техникалық талаптарға сай келмейтіні белгілі болды. Осыған байланысты шектеу шаралары қолданылды. Сондай-ақ арнайы бақылау сатып алулары жүргізіліп, алынған өнімдер зертханаға жіберілді. Нәтижесінде кейбір тауарлардың талаптарға сәйкес еместігі анықталды.

Ең көп заңбұзушылықтар тұрмыстық техника мен құрылыс материалдары арасында тіркелді. Зерттеулер электр құралдарының қызып кету қаупі бар екенін, кейбірінде міндетті таңбалау мен нұсқаулықтардың жоқ екенін көрсетті. Ал құрылыс материалдарында сапа талаптарына сай келмейтін құрам анықталды. Мұның бәрі адамдардың қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін.

Өлшеу құралдарын тексеру бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды. 150-ден астам кәсіпорын мен жанармай бекеті бақылаудан өтті. Тексеру нәтижесінде тексеруден өтпеген жүздеген өлшеу құралын қолдануға тыйым салынды. Мамандардың айтуынша, мұндай құралдар жанармайдың кем құйылуына себеп болып, тұрғындардың наразылығын тудырады.

«Жанармайды дәл мөлшерде құю үшін жарамды жабдық пен тексеру құжаты болуы шарт. Әйтпесе тұтынушы шығынға ұшырайды», — деді Ербол Оспанов.

Аккредиттеу саласында да бірқатар кемшіліктер анықталды. Кейбір мекемелер ескі әдістерді қолданып, өз құзыретінен тыс жұмыс жүргізген. Осындай жағдай зергерлік бұйымдар сататын орындарда да байқалып, арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Басқа мемлекеттік органдармен бірлескен тексерулер де өткізілді. Соның нәтижесінде мектеп асханаларында тексерілмеген таразылар қолданылғаны белгілі болды. Бұл балалардың дұрыс тамақтануына және бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына әсер етеді.

Сонымен қатар департамент жыл бойы ішкі нарықты қорғау бағытында белсенді жұмыс атқарды. Сапасыз импортты шектеу, аттракциондар мен пиротехниканың қауіпсіздігін бақылау жұмыстары жүргізілді. «Сапалы өнім» жобасы аясында қауіпті тауарлардың сатылуына тосқауыл қойылды.

Қорытындылай келе, мамандар заңбұзушылықтардың көп болуы кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру қажеттігін көрсететінін атап өтті.

«Әрбір тексерістің басты мақсаты — тұрғындардың қауіпсіздігі мен нарықтағы сенімді сақтау. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді», — деп түйіндеді Ербол Оспанов.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Жаңа Конституция өтпелі кезеңде толық құқықтық айқындылықты қамтамасыз етеді

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 11-ші отырысында елдегі саяси үрдістің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанның жаңа...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Яндекс.Метрика