Ақмола облысында білім беру ұйымдарында балаларға экологиялық мәдениет қалыптастыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мектепке дейінгі ұйымдарда балалар қоршаған ортамен танысу сабақтары арқылы, ал мектептерде география, биология және табиғаттану пәндері арқылы экологиялық тәрбие алады. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы білім басқармасының қамқоршылық және тәрбиелік жұмыс бөлімінің басшысы Айгүл Магавина мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Бұл іс-шаралар «Адал азамат» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, оқушыларды қоршаған ортаны сақтауға үйретуге бағытталған.
«Біз балаларды табиғатты қадірлеуге, қоршаған ортаны қорғауға үйрету арқылы олардың әлеуметтік және азаматтық мәдениетін қалыптастырамыз», – дейді Айгүл Магавина.
Өткен жылы облыс көлемінде бірнеше ірі экологиялық іс-шаралар өткізілді. «Жасыл әлем!» эссе конкурсына 100-ге жуық оқушы қатысты. «Табиғатты аяла» форумы мен «ProEco» жобаларының облыстық кезеңдерінде 60-тан аса оқушы белсенділік танытты. Балабақшаларда «Жасыл балабақша» жобасы жүзеге асырылып, үш ұйымда экологиялық тәрбиенің жаңа үлгілері енгізілді.
«Біз балаларға тек теорияны үйретіп қоймаймыз, оларды нақты жобалар мен акцияларға қатыстыру арқылы экологиялық мәдениетті күнделікті өмірде қолдануға үйретеміз», – дейді бөлім басшысы.
Сонымен қатар, балалар мектепішілік және қосымша экологиялық, биологиялық, туристік үйірмелерге қатысады. Қазіргі таңда облыстағы 377 үйірмеге 5 588 бала қатысып, олардың экологиялық сауаттылығы артты. Сонымен қатар, «Болашақ сарайы» орталығында балалар заманауи жабдықталған экологиялық, биотехнологиялық және табиғи-ғылыми зертханаларда тәжірибе жасайды.
Облыстық Туризм, дене шынықтыру, алғашқы әскери және технологиялық даярлық орталығы оқушыларға арналған жарыстар, турнирлер, семинарлар мен форумдарды ұйымдастыруда. Сонымен бірге, білім беру ұйымдарында қоқысты сұрыптау жобасы іске асырылып, балалар «Таза Қазақстан» және «Экоәлем» акцияларына волонтер ретінде қатысады.
Ақмола облысының білім саласында экологиялық тәрбие беру бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүргізіліп, балалардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыруға және олардың азаматтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.



